С.Ахметов қазақстандық әскери қызметшілердің кәсіби шеберліктеріне жоғары баға берді (ФОТО)

Аталған шараға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстаннан 3000-ға жуық әскери қызметші қатысты. Оқу-жаттығудың белсенді кезеңіне ҚР Қорғаныс министрі Серік Ахметов, ҰҚШҰ Бас хатшысы Николай Бордюжа, сондай-ақ РФ Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, армия генералы Аркадий Бахин, Армения Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Давид Тоноян, Беларусь ҚК Бас штабының бастығы, генерал-майор Олег Белоконев қатысты.
ҚР Қорғаныс министрі Серік Ахметов оқу-жаттығуға қатысушыларды оның табысты аяқталуымен құттықтады. «Мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ҰҚШҰ аясындағы коалициялық өзара іс-қимыл мәселелеріне үлкен көңіл бөледі», - деді министр өз сөзінде.
Ол Ұжымдық жедел ден қою күштерінің Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы жауапкершілігі аймағында ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін атап өтті.
«Барлық әскери қызметшілер жауынгерлік дағды мен кәсіби іс-қимыл көрсетті», - деген министр осындай оқу-жаттығуларда штаб офицерлері әскерлерді қолдануды жоспарлауда жақсы тәжірибе жинақтап, өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтауға мүмкіндік алатындығын атап өтті.
С.Ахметов әскери қызметшілерге олардың жоғары кәсіби шеберліктері мен жауынгерлік дағдылары үшін алғыс білдіріп, ҰҚШҰ-ға қатысушы елдердің қауіпсіздігі мүддесінде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісінде табыстар тіледі.