С.Ахметов пен Еурокомиссияның төрағасы Қазақстанның ДСҰ-ға кіру мәселелерін талқылады

Бұл туралы Үкімет басшысының баспасөз қызметінен мәлім етті.
Олар кездесу барысында қазақстандық-еуропалық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады, сонымен қатар өңірлік және халықаралық күн тәртібі бойынша пікір алмасты.
«Еуропалық одақпен байланысымыз стратегиялық артықшылықтардың бірі және солай болып қала береді», - деп атап өтті белсенді ынтымақтастыққа мүдделілік таныта отырып С.Ахметов.
Өз кезегінде Еуропалық комиссияның басшысы өзара қарым-қатынастардың барлық спектрі бойынша байланыстарды одан әрі тереңдетуге қатысты пікірін білдірді.
Кездесудің басты мәселелерінің бірі Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы жаңа келісімді талқылау болды. Екі тарап аталған құжатты дайындау жұмысына ықпал етуге келісті. ҚР Үкіметі басшысының пікірінше, Келісім Қазақстан мен ЕО-ның өзара қарым-қатынасын сапалы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.
Оған қоса, С.Ахметов және Ж.М.Баррозу республиканың Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіру перспективаларын талқылады.
«Қазақстан Үкіметі ДСҰ-ға кіруге қатысты келіссөздерді қолдағаныңыз үшін Сізге алғыс білдіреді. Қазақстан қиын жолдан өтіп, жақын арада осы Ұйымға кіреді деген үміттеміз», - деді С.Ахметов.
Өз тарапынан Ж.М.Баррозу «Еуропалық одақ пен Еуропалық комиссия Қазақстанның ДСҰ-ға кіру талпынысын қолдауды жалғастыратынын» мәлімдеді.