С. Әйімбетов : Табиғи монополия субъектілері азаматтық бақылаудың тұрақты әрі жіті назарында болуға тиіс

Бүгін Парламент Мәжілісіндегі «Тұтынушылар құқын қорғау - мемлекеттік саясаттың басымдығы» тақырыбында өткен Үкімет сағатында Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы депутат Сейітсұлтан Әйімбетов осылай мәлім етті.
Депутаттың айтуынша, бүгінгі таңда халықтың барлық тобына қатысты өмірлік маңызы бар мәселелердің бірі - коммуналдық қызмет көрсету тарифтерінің ұдайы өсуі. Бұл ретте Мемлекет басшысы өз Жолдауында «бізге қоғамдық бақылауды, жергілікті жерлердегі ахуалға азаматтардың ықпалын күшейту керек» деп ерекше атап өткен болатын. «Жалпы, табиғи монополиялар саласы - азаматтық бастамаларды белсенді түрде қолдауды талап ететін сала. Өйткені табиғи монополия субъектілері ең қажетті қызметтерді көрсететіндіктен, ол азаматтық бақылаудың тұрақты әрі жіті назарында болуға тиіс. Осыған орай және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында табиғи монополия субъектілерінің барлық міндеттемелерін, әсіресе инвестициялық міндеттемелерін орындауын, коммуналдық тарифтердің қалыптасуын, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау үшін үкіметтік емес ұйымдарды, ең дұрысы, тұрғындарды белсенді түрде тарту қажет», - дейді депутат. Бұдан бөлек, С. Әйімбетов Мемлекет басшысының электр энергиясы мен судың нормадан тыс шығындарын жойып, олардың нормативтік шығындарын оңтайландыруға байланысты жұмысты күшейту жөнінде міндеттеріне тоқталды.
Оның сөзіне қарағанда, өткен жылдармен салыстырғанда 2012 жылы нормативтік техникалық шығындардың жыл сайын азаю үрдісі байқалуда. «Алайда, осыған қарамастан, 2012 жылы нормативтік шығындардың азаюынан үнемделген қаражат ұлғаюдың орнына, керісінше төмендеп кеткен. Мәселен, 2011 жылы судан үнемделген қаражат 633 млн. теңге болса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 12 есе төмендеп, 54,2 млн. теңге болған. Электр энергиясы бойынша да осындай мысал келтіруге болады. Айталық, 2011 жылы үнемделген қаражат 703 млн. теңге болса, 2012 жылы небары 444,6 млн. теңгені құраған, бұл ретте төмендеу үрдісі байқалады, яғни ол 1,6 есе азайған. Осыған орай, жыл сайын нормативтік техникалық шығындар азайып, нормативтен тыс шығындар кезең-кезеңімен жойылғанның өзінде су мен электр энергиясын үнемдеу неге артпай отыр?,- деген заңды сұрақ туындайды», -дейді депутат С. Әйімбетов.