С. Дьяченко индонезиялық бизнес өкілдерін ЭКСПО-2017 көрмесіне белсенді қатысуға шақырды

Әңгіме барысында С. Дьяченко Қазақстанның Индонезияны Оңтүстік-Шығыс Азиядағы саяси және экономикалық әлеуетке ие алдыңғы қатарлы ел ретінде қарастыратынын атап өтті. Ал Қазақстан мен Индонезияның екіжақты ынтымақтастығына Нұрсұлтан Назарбаев пен Сусило Юдойононың өзара мемелкеттік сапарлары тың серпін берген. Қазіргі уақытта қос мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл барлық салада табысты дамып келеді. Сөз арасында вице-спикер сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, саяси салалардағы ортақ жетістіктерді алға тартып, қауіпсіздік пен тұрақтылық бағытындағы маңызды бастамаларды сөз етті.
Өз кезегінде Өкілдер Палатасының Вице-спикері Фахри Хамза аталған салалардағы өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетудің маңыздылығына тоқталып, Индонезияның Қазақстанды Орталық Азиядағы маңызды әріптестерінің бірі ретінде қарайтындығын атап өтті. Кездесу барысында парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселесіне айрықша көңіл бөлініп, екі елдің заңнамалық органдары арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық жөніндегі топ құру қажеттілігі айтылды. Екіжақты қарым-қатынастардың қарқынын арттыру үшін сауда-экономикалық және инвестициялық әлеуетті толық пайдалану туралы әңгіме өрбіді. Сонымен қатар, Сергей Дьяченко Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу бойынша Қазақстанның кандидатурасын қолдағаны үшін алғысын жеткізіп, индонезиялық кәсіпкерлерді аталған шараға белсенді түрде қатысуға шақырды.