С.Хасенов: Ұлы Жеңіс жырын жырлау - перзенттік борышымыз

Ән сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүрген Сəрсенбай Хасенов концерттік бағдарламаны жыраулар поэзиясының басында тұрған қарға бойлы Қазтуған жыраудың толғауымен бастады.
Үш бөлімнен құрылған бағдарлама аясында Үмбетей, Ақтамберді секілді жыраулардың толғаулары мен берідегі Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Нұркей ақындардың шығармаларын нақышына келтіріп орындағанда тыңдарман қауым бір серпіліп қалды.
Үшінші бөлім толайым Ұлы Жеңіске арналды. Бұл ретте, жерлесіміз Рамазан Елебаевтың «Жас қазақ» əні алғашқы кезекте орындалды. «Қан майданда жаумен алысқан бабаларымыздың ерлігін жырлап, аруақтарын бір риза етсек, перзенттік борышымыздың орындалғаны ғой», - деді кеш авторы.
Дəстүрлі əншімен бірге оның туған қарындасы Сымбат Хасенова да сахнада өнер көрсетіп, композитор Н. Тілендиевтің «Саржайлау», С.Бəйтерековтің «Әлия» атты əндерін орындап, кеш шырайын аша түсті.