С. Жұбанышбекова: Әр бала анасының қасынан табылса, ол - ел тыныштығының кепілі
Дегенмен, сол балаларды жылатпай, анасын жоқтатпай, уақытша болса да жайлы пана бола білген мемлекеттік мекемелер баршылық, елімізде. Солардың бірі, бірі болса да бірегейі - балаларға арналған «Үміт үйі». Бұл жетім балаларға арналған үй емес! Сол жетімдікті болдыртпауға бағытталған, ана мен баланың арасында «алтын көпір» бола білген киелі шаңырақ. Бүгін ҚазАқпарат тілшісі осы мекемені талай жылдан бері басқарып келе жатқан, аялы алақанымен талай баланы тағдырдың «диірменінен» арашалап қалған мейірімді де күрескер ана, тәжірибелі педагог Сандуғаш Сымыққызы Жұбанышбекованы әңгімеге тартқан еді.
- Сандуғаш Сымыққызы, «Үміт үйінің» тарихына тоқталсаңыз...
- «Үміт үйі» 1994 жылы қыркүйек айында еліміздің бас анасы Сара Алпысқызының ұсынысымен, сол кездегі Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен құрылған еді. Алғашында балалар үйі деп аталды, кейін «Үміт үйі» болып өзгертілді. Бұл мекеме қандай мақсатпен құрылды дейтін болсаңыз, мекеменің мақсаты, міндеті - баланы анасынан ажыратпау, яғни мүмкіндігінше жетім қалдырмау. Тастанды бала атандырмау. Бұл мекеме қиын кезеңде, үлкен қажеттіттіліктен құрылды. Өзіңіз білесіз, Кеңес Одағы ыдыраған соң, аумалы-төкпелі заман басталды. Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы нашарлады. Дағдарыс болды. Сол кездері тастанды балалар да көбейді. Перзентханалардан, біреудің есігінің алдынан, аулалардан, тіпті қоқыс жәшіктерінен тастанды балалар табылып жатты. Сол шақтарда, мысалы, студент қыздар арасында, ауылдан келіп, институтқа түсіп, сосын әр түрлі жағдайлармен аяғы ауырлап қалып, босанған соң, баласын қалай бағарын, қайда тапсырарын білмеген қыздар көбейді. Міне, осы кезде, Сара Алпысқызының, «Бөбек» қорының ұсынысымен осы мекеме ашылды.
- Осы жылдар ішінде қаншама баланы бағып-қағып, ата-анасына қайтардыңыздар?
- Біз күні бүгінге дейін 500 баланы жетім қалдырмай, ата-анасына қайта тапсырыппыз. Яғни, біздің мекеме 500 баланы жетім қалудан, тастанды атанудан, 500 ананы «Көкек ана» атанудан сақтады деуге болады. Олар бұл жерге жетіскенінен түспейді. Тауқыметін арқалап түседі. Әйтпесе, дені дұрыс, жағдайы жақсы бала ата-анасынан ажырамай, анасының қасында болу керек емес пе!?
- Өзіңіз білесіз қоғамда «Көкек ана», «Көкек әкелерге» қатысты жек көрушілік пікір қалыптасқаны белгілі.
- Мен барлығын бірдей бас салып жамандай беруден аулақпын! Менің осы мекемеде қызмет істеп келе жатқаныма 14 жыл болыпты. Осы жылдар ішінде талай жағдайға, талай тағдырға куә болдым. Осылай айтуға құқым бар ғой деп ойлаймын. Бізде адамдар: «Ой, көкек аналар анау, мынау, баласын тастап кетіпті, үйтіп кетіпті» деп жамандап, ат қойып, айдар тағуға шебер. Ал егер әрбір тағдырдың түбіне үңілсеңіз, сай-сүйегіңіз сырқырайды! Көп жәйтке қанығасыз...
- Мұнда адамдар балаларын көбінесе қандай себептермен алып келеді?
- Мекеме алғашында жалпы студент жастарға деп ашылған еді ғой. Кейін мұнда студент жастар ғана емес, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылары да балаларын уақытша өткізе алатын болды. Енді нақты себептеріне тоқталар болсам себептері көп. Бір себебі мынау. Енді мен мұны айтсам кейде ұлтшыл да болып кететін шығармын. Көбіне үйсіз-күйсіз жүргендер - өзіміздің ауылдан келген қара көздер. Күні бүгінге дейін солай! Сол жастар, қалаға күн көріс қамымен келеді. Ата-ананың қарауынан шығады. Неге? Ауылдың жағдайы мәлім. Мұнда дәмханада ыдыс-аяқ жуса да, еден жуса да әйтеуір күнін көруге мүмкіндік бар. Сөйтіп жүріп қыздарымыз белгілі жағдайға ұшырайды. Өкінішке қарай, дәл қазір жас ер азаматтарымыздың көбісі семья, отбасы жауапкершілігіне, бала асырауға атүсті қарайтын болып кетті. «Сүйдім-күйдім» деп қыздармен қосылады. Ол - табиғи нәрсе. Өйткені жас қой. Жастық шақ, үйіңнің бары-жоғына қарай ма!? Бірақ бала пайда болған соң, сол жігіттер өкінішке қарай жауапкершіліктен тайқып шыға келеді. Қызық қууға, қыз сүюге бар, ал жауапкершілікке жоқ. Ал жап-жас әйелі, кешегі «сүйгені» аңырап, баласымен далада қалады. Әрине, бұл жерде бала асырағысы, отбасылы болғысы келетін жігіттер де бар. Бірақ олардың арасында өзге түгілі өзін асырай алмай жүргендер көп. Жігіттің қолын жоқ байлайды деген осы. Бірақ соған қарап, «неге әріден ойламадыңдар?» деп айыптай беруге де бола қоймас. Бұл жерде тәрбие мәселесі туындайды.
- Бұл мәселеге жаһанданудың да әсері болып жатқан жоқ па?
- Жаһандану дегеннен қашып құтылмаймыз. Өйткені бүкіл әлем, қоғам жаңа сатыға көтеріліп жатыр. Техника дамуда. Біз мынау бүкіл әлемде болып жатқан өзгерістерге бейімделуіміз керек. Бірақ біз соған ұлттық салт-дәстүрімізді, тәрбиемізді, ұлттық менталитетімізді сақтып ұмтылсақ екен! Келе жатқан жаһанданудың тек жақсы жақтарын алсақ екен! Сонда жастарымыз отбасына, семья құруға, балаға үлкен жауапкершілікпен қарар еді деп ойлаймын. Үлкен үлкен жолымен, кіші кіші жолымен жүрсе, ақсақалды ағаларымыз жастар арасында отбасы, тәрбие мәселесін жиі көтеріп жүрсе, құба-құп болар еді.
- Сандуғаш Сымыққызы, сіз азаматтық некеге қалай қарайсыз?
- Бұл құбылысқа мүлдем қарсымын. Бұл ұлттық дүниетанымымызға мүлдем жат қылық. «Біліп алады, көріп алады» деген сөз бекер. Ал ертең бала пайда болса, оған кім кінәлі? Ертең ол жігіт, басқа қызды ұнатады да, емін-еркін жөніне кете береді! Сонда баланың кінәсі не? Осы себептен қаншама қыз көз жасын көл қылып, далада қалып жатыр! Біз батыс емеспіз ғой! Бізде ағайын-туыс, ел-жұрт деген ұғымдар бар. Ата-бабамыз жетім-жесірін ешқашан жылатқан емес. Қазақ ешқашан шалқып өмір де сүрген емес! Бірақ, сонда да етек-жеңін жиып, жетім-жесірін жылатпай, шетке шығармай өмір сүре білген.
- Сандуғаш Сымыққызы, енді «Үміт үйіне оралсақ». Мұнда балалар қандай тәртіппен қабылданады?
- Алматы қаласы әкімдігінде Қамқорлық кеңесі жұмыс істейді. Оны қала әкімінің әлеуметтік сала жөніндегі орынбасары Зәуре Жұманәліқызы Аманжолова басқарады. Содан, баласын асырауға мүмкіндігі жоқ ана немесе әке, бір асыраушысы қайтыс болған, ажырасып кеткен немесе тастап кеткен отбасы немесе ата-ананың орнын басатын адам, қалалық білім бөліміне арызданады. Барлық қажетті құжаттарды тапсырады. Кейін алғашқы комиссия құрылады. Ол жаңағы өтініш берген ата-ананың жағдайымен танысады. Тұратын жерін көреді. Содан жинақталған материалдар Қамқорлық кеңесінің отырысына салынады. Ереже бойынша он шақты балаға қатысты материал жинақталса, кеңес өте береді. Ереже бойынша кеңес айына бір рет өтіп тұрады. Оған кейде ата-аналар да шақыртылады. Комиссияның берген актісі бойынша құжаттар қаралады, егер өтуге лайықты деп табылса, бала жолдама бойынша бізге жіберіледі.
- Сіздер ата-анамен қандай да бір келісімшартқа отырасыздар ма?
- Иә, біз ата-анамен келісімшартқа отырамыз. Ата-ана: мүмкін анасы, мүмкін әкесі, немесе ата-анасының орнын басушы адам, келісімге: «баламды пәлен уақыттан пәлен уақытқа дейін сіздерге аманат етіп тапсырдым» деп қол қояды. Мен аманатты өзіме алып қаламын. Сол күннен бастап, ол бала, толығымен мемлекеттің қарауына өтеді. Яғни, мемлекет оның киімін де, тамағын да, денсаулығын да, білім алуын да, барлық жағын да өз қамқорлығына алады.
- Ата-ана шартты бұза ала ма?
- Шартты бұза алады. Кез келген уақытта, егер жағдайы түзелсе, баласын асырап, сақтауға шамасы жетсе, үй алса, әйел болса күйеуге шықса, әкесі болатын болса әйел алса немесе некесіз балалы болған қыздарды әке-шешесі қайта қабылдап жатса, баланы қайтарамыз.
- Мұнда жүрген балалардың көбісі қай ұлттан?
- «Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» дейді ғой. Бізге түсіп жатқан балалардың 90 пайызы өзіміздің қара көздер. Бірақ, енді оны да әкеліп, «Ой қазақтар баласынан безіп жатыр» деп айдар тауға мүлдем болмайды! Өйткені ауыр жағдайда өмір сүріп жатқан жастардың жағдайын өз көзімізбен көріп жүрміз! Қаланың айналасындағы жеке үйлерде және базарлар маңында орналасқан үйлердің аулаларында ұзыннан-ұзақ бір беткейлі сарайлар салынып тасталған. Олар 3 метрлік етіп бөлмелерге бөлінген. Әрқайсында бір-бір есіктен. Сол есіктерді ашып ішіне үңілсеңіз, көбісінен құндақтаулы сәбиді көресіз. Қыста есік ашылса, лап етіп ішке суық кіреді. Еден суық, бетоннан жасалған. Үстінде жұқа жаймалар. Біз балаларды осындай ауыр жағдайлардан алып шығып, осында орналастырып жүрміз. Талай рет жас аналар, мерзімі біткен соң, бізге баласын алып кетуге келген шақта, баласын бауырына басып құшақтап, етегі жасқа толып, әуелі Аллаға, екінші мемлекетімізге, үшінші осы мемлекетті басқарып отырған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына, кейін Елбасымыздың жары Сара Алпысқызына алғыстарын жаударады. Мен сонда: «бұл үйдің ашылуы бекер емес қой» деп ойлаймын.
- Қазір де баласын өткізіп жатқан студент қыздар көп пе?
- Жоқ. Көп емес. Қазіргі студент қыздар бұрынғы студенттердей емес. Көздері ашық. Азаматтық неке туралы да хабардар. Жеме-жемге келгенде қалай қорғана білуді, қалай сақтана білуді жақсы біледі .
- Мекемеде балалар неше жастан неше жасқа дейін болады?
- Туғаннан жеті жасқа дейін. Жеті жастан кейін баланы міндетті түрде ата-анасына қайтарамыз. Бізде тәртіп солай. Біздің мақсатымыз - ана мен баланың арасын қалайда жалғастыру, суытпау, екеуінің арасын алшақтатпау, баланы жетім қалдырмау. «Үміт үйі» балалар үйі емес. Себебі, мұнда ата-ана баласына күн сайын келіп тұра алады. Баласымен серуен құрады. Мәдени шараларға қатыса алады. Тіпті қона жатуына да болады. Бұл тәулік бойғы балабақша секілді ғой.
- Сіздерде қазір қанша бала тәрбиеленіп жатыр?
- Бұл үйдің басында құрылғандағы сыйымдылығы 100 бала деп есептелінген. Бірақ 100 бала толық келсе, ғимарат тарлық етеді. Өйткені санитарлық норма деген де бар ғой. Сол санитарлық нормамен есептесек, бұл үйге 60-70 бала еркін сыяды. Менің тәжірибемде 80 баладан асқан емес. Ал қазір 30 бала қалып отыр. Жақында 10 бала отбасына оралады. Сонда 20 шақты бала қалады.
- Сандуғаш Сымыққызы, сіз талай тағдырға куә болдыңыз. Солардың бір-екеуін еске алып көрсеңіз...
- Жарайды. Бізде ата-аналар балаларын көбінесе екі-үш жылдан кейін, алып кетіп жатады ғой. Бірлі-жарымы одан да ұзақ мерзімге қалады, әрине. Мысалы, бізде қазір егіз қыз бар. Алты айлығында ма, жеті айлығында ма түскен. Анасы екі рет пе, үш рет мерзімін ұзартты. Өзінің әке-шешесі ажырасып кеткен. Шешесі басқа күйеуге тиген. Әкесі басқа әйел алған. Әке де, шеше де бұған қарамайды. Екі ортада өз тірлігін өзі жасап жүрген қыз ғой. Бұрын шешесінің шешесі бар кезде, соның қолында тұрыпты. Кемпір байғұс бұны оқытқан. Сөйтіп «үшінші курстан әрі қарай, төртінші курста төлейтін ақшам болмады» дейді. Сөйтіп оқуды да тастайды. Сөйтіп жүріп, жүктілі болып егіз қыз босанады. Сөйтіп жүргенде біреуден осы «Үміт үйі» туралы естіп, сәбилерін бізге өткізді. Қазір өзі әр жерде жұмыс істеп жүр. Қазір, міне, қыздары жеті жасқа толып қалды. Биыл ұзартуға тағы өтініш жасап еді, біз: «Енді неге өзің бақпайсың, тірлік жаса, өзің асыра», - деп ұзартпай тастауға мәжбүр болдық. Қазір: «Екі қызымды қайда орналастырам?» - деп жылап-еңіреп жүр. Тағы бір оқиға. Маған бір қазақ әйел келіп, үш баласын өткізді. Тұрмысқа шыққан. Кезінде әжептеуір отбасы болған. Бірақ күйеуі күндердің бір күнінде араққа салынып кеткен. Әйел-бала-шағасын асырауды қойған. Әке-шешесі де ол жігітке ие бола алмай қалған. Күнде ұрыс-керіс, күнде айқай. Осылайша 3-4 жыл өтеді. Енді әйел қашанғы шыдасын? Үшінші қызын туған соң үйден қашып шығады. Содан туыстарын жағалайды. Кейін, біреуден есітіп, балаларын бізге өткізді. Өзі педагог. Жұмыс істейін десе балаларын қайда тастарын білмейді. Әке-шешесі, ата-енесі: «Балаларға өзің еге бол», - деп шығарып салған. Содан үш баласы біздің қолымызда сүп-сүйкімді болып өсті. Үлкені ұл, қалғаны қыз. Біздің балалар байқауларға жиі қатысады ғой. Теледидарға шығады. Содан не керек, оларды теледидардан әкесінің туған-туыстары көріп қалады. Содан бір күні сау етіп маған алпамсадай-алпамсадай 4-5 адам кіріп келсе бола ма!? Арасында балалардың әкесі де бар, сақал-мұртын алдырып, киіндіріп қойыпты. «Жай, жүрсіздер ме?» - деп сұрадық. «Біздің балалар осы жерде екен ғой! Анау қатын, осы балаларға ие болмай не істеп жүр, қайда жүр? Бұл сүйегімізге таңба! Неге ол балаларға қарамайды? Егер қарай алмайтын болса өзіміз қараймыз. Әкеліңіз балаларды!» - дейді. Мен: «Балалар қазір менде. Оны жалғызілікті қаңғып жүрген әйел әкеліп өткізген маған. Сіздер кімсіздер? Мен сіздерді танымаймын! Күйеудің туыстары болсаңыздар кезінде, келіндеріңіз далада қалғанда қайда жүрдіңіздер? Жарайды күйеуі араққа салынған екен. Сіздер неге қол ұшын бермедіңіздер? Неге бір баспана алып бермедіңіздер? Ол не сонда үш баланы құшақтап аштан өлуі керек пе еді? Ол жұмыс істеп жүр! Егер әйел рұқсат берсе, балалармен көрістірем, бермесе жолдарыңыз болсын!» - деп шығарып салдым. «Біз сені өйтеміз, бүйтеміз», - деп маған қоқан-лоққы да көрсетті. Бірақ мен айтқанымнан танбадым. Міне, сол әйел кеше келіп, жеті жасқа толған кенже қызын алып кетті. Қимай-қимай көзіміге жас алып қоштастық. Қазір ол әйел жер алып, үй салайын деп жүр. Екі мектепте жұмыс істейді. Осында тәрбие алған үлкен ұлы - қазіргі оқитын мектебінің беткеұстары! Керемет дарынды бала! Ән де салады, би де билейді. Оқу озаты!
- Сандуғаш Сымыққызы, балаларды қорғау күніне орай жастарға айтар тілегіңіз!
- Баяғыда ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп айтқан екен. Қазір соны көп ұрандатамыз ғой. Бірақ ол сөздің жалғасы болған екен! Оны өкінішке қарай айтпаймыз. Арғы жағында былай делінген екен. Мен соны бір жерден оқыдым: «Ел болам десең бесігіңді түзе, бесігіңді түзеймін десең, әйелдің жағдайын жаса!» делінген екен. Демек, мұнда үлкен жауапкершілік жатыр. Ер азаматтарымыздың отбасына, әйелге, балаға деген жауапкершілігі артса екен деймін! Ал өмірге бала әкелетін ана нені тілейді? Ол елдің тыныштығын, берекесін, бірдлігін, ел іргесінің берік болғандығын, халқының бақытты болғандығын тілейді! Басында баспанасы, алдында қазан-ошағы, бауырында бала-шағасы, жанында асыраушы отағасы болса - міне, бақыт! Әр бала анасының қасынан табылса - ол ел тыныштығының кепілі!
- Әңгімеңізге рахмет!
***
«Үміт үйіне» биыл 20 жыл толады. 20 жыл ішінде 500 бала аман-есен анасына, әкесіне, туған-туыстарына оралыпты. 500 жазылмаған тарихтар. Олар жетімдіктен құтылды. Қазір мекемеде 30 шақты бала тұрып жатыр. Жақын күндері тағы да 10 шақты бала отбасыларына оралады. Яғни, мекеме 20 жылдықты 20 шақты баламен қарсы алайын деп отыр. Осыған қарап: «Мұндай мекемелерге сұраныс жоқ па?» деген сұрақ туындайды. Сұраныс бар! Болғанда қандай! Бала-шағасымен бөлме жалдап, жөнді жұмыс таппай, аш-құрсақ болып тентіреп жүрген қазақтың жас отбасылары қаншама! Бірақ, қазір елімізде «Бала анасының қасында болуы керек» деген қағида басшылыққа алынып жатқаны көпшілікке белгілі. «Бұл - өте дұрыс қағида, бірақ тағдырды қайтеміз?» - дейді мамандар. Егер туған әке-шешесінің оны бағып, қағуға, асырауға жағдайы болмай жатса ше? Бала, туған анасының, әкесінің қасында болса да жөнді тәрбие көрмей, жөнді білім ала алмай, жөнді тамақ іше алмай, тар бөлмеде өсе беруі керек пе? Баланың күнәсі не? Сұрақтар көп.
Ал кеше ғана, сол тар бөлмелерден, қала берді үлкендердің ұрыс-керісінен зәрезап болып, көңілсіз күй кешкен балалардың жолы болғандары, мына жұмаққа бергісіз жерде тұрып жатыр. Мекеменің ішінде құлаққа ұрған танадай тыныштық орнаған. Сөйтсек, балалардың ұйықтайтын уақыты екен. Айнала тап-тұйнақтай, мұнтаздай таза. Ұйқыдан жаңа тұрып жатқан балалар керіліп-созылып, көздерін уқалап, қолына диктофон ұстаған «бейтаныс кісіге» таңырқай қарап, оны күлімдеп үнсіз шығарып салды. Мұндай балалардың көзіне тура қарау қандай қиын!