Сабақ алдында балалар жарты сағат кітап оқиды: ШҚО-дағы ерекше ауыл мектебінен репортаж

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданы Құлынжон ауылында «Ybyrai mektebi» атты білім беру кешені ашылды. Онда балабақша, мектеп және комьюнити-орталық орналасқан. Финляндия мен Сингапур елдерінің озық тәжірибесіне негізделген бұл білім ордасының республикада теңдесі жоқ. ҚазАқпарат тілшісі кешеннің ашылу салтанатына барып, оның басқадан қандай өзгешеліктері барын көріп қайтты.


Балаға таңдау құқығы берілген

Құлынжон ауылында бүгінде 800-ден астам адам тұрады. Өскеменнен 160 шақырымдай жерде орын тепкен. Аядай ауылда бой көтерген осындай кешенге қала халқының өзі қызыға да, қызғана да қарайтындай. Ыбырай Алтынсариннің аты берілген кешенде балабақша, бастауыш мектеп, орта мектеп және комьюнити-орталық бар. Әңгімені әуелі балабақшадан бастайық.

Мектепке дейінгі мекемеге 40 бала барады. Олар тіл жағынан топқа бөлінбейді. Тәрбиешілер бүлдіршіндердің ыңғайына қарай екі тілде тәлім береді. Егер сіз балаңызды балабақшаға апарып көрген болсаңыз, онда оның таңертең көз жасын көл етіп, «бармаймын!» деп жер тепкілейтінін бастан өткергеніңіз анық. Егер апармаған болсаңыз, бұған таңданудың қажеті жоқ, түгел дерлік бала сөйтеді. Себебі жылы ұясынан, ата-анасының бауырынан шығып, жат ортаға бару – ол үшін стресс.

Бұны ескерген «Ybyrai mektebi» білім беру кешенінің басшылығы жаңа әдісті іске қосқан. Айталық, үйден жылап келген баланың әкесі немесе шешесі оны жалғыз тастамай, бірге қалады. Бірнеше сағат сонда отырып, үйге бірге қайтады. Үйренгенше солай. Кейбіреулеріне бұған 2-3 күн, ал басқаларына бір-екі апта кетеді.

Бала үйреніскен соң тәрбиеші бірден оны тәртіпке салып, «осы уақытта сурет саласың, бұл кезде жаттығу жасайсың» демейді. Бүлдіршін мәшинемен ойнағысы келсе, ойнайды, сурет бояғысы келсе, бояйды. Яғни, оған таңдау құқығы берілген. Ал тәртіпке ретпен, ақырындап үйретіледі.

Тағы бір ерекшелігі, мұнда балаларды кітап оқуға ерте жастан баулиды. Олар түсінбесе де, көз алдындағы көрініс есте қалып, болашақта кітапты жанына серік етеді.

Астанадан ауылға көшті

Негізі бұл мектептің іргетасы сонау 1966 жылы қаланған. Білім ордасынан түлеп ұшқан белгілі кәсіпкер Айдын Рахимбаев 2016 жылы оны ауқымды жөндеуден өткізіп, қайта жабдықтайды. Тек мектепті жаңартып қоймады, мұғалімдерді әлемдегі ең озық университеттердің бірі Michigan State University-ден біліктіліктерін арттырды. Ал биылғы оқу жылында оның қасына комьюнити-орталық салынып, мектеп үлкен кешенге айналды.

Астана мен Алматы қаласынан тәжірибелі кадрлар да ауылға тартылған. Соның бірі – мектеп директоры Аралбек Берікұлы. Ол елордадағы республикалық физика-математика мектебін басқару ұсынысынан бас тартып, Құлынжонға табан тіреген.

«Еліміздегі мектептерде 3,6 млн оқушы бар. Олардың 45%-ы ауылдарда, аудан орталықтарында оқиды. Ол жердегі білім көп жағдайда тек қағаз жүзінде ғана. Ауыз толтырып айта бергеннен ештеңе тынбайды, сөзді қойып, іске көшетін кез келді. Менде PGCE сертификаты бар. Бұл Ұлыбританияның университетінде 8 ай оқыған мұғалімдерге арналған курс. Осы қағазбен шетелде мұғалім болып жұмыс істей аламын. Бірақ бәріміз елден кете берсек, мұнда кім қалып қызмет етеді? Онсыз да елден талай жастар кетіп жатыр. Өз жерімізде білім сапасын көтеруіміз керек қой. Республикалық физика-математика мектебінде қызмет етіп жүргенімде, әріптестермен бірге бір ауылды таңдап, ондағы білім ордасына мұғалімдер жіберіп, ауыл мектебінің жаңа үлгісін жасап шығарайық деп ниет етіп, амал жасап жатқан болатынбыз. Бірақ күтпеген жерден Құлынжон ауылындағы мектепке директор керектігін естіп, түйіндемемді жібердім. Міне, сөйтіп осында келдім, - дейді Аралбек Берікұлы.

Бұл мектептің республикада теңдесі жоқ. Финляндия, Сингапур елдерінің озық тәжірибесіне негізделген. Мұнда бастауыш сыныптар 1-4 емес, 1 ден 6-ға дейін. Оқу ағарту министрінің бұйрығына сәйкес, Құлынжон ауылдық орта мектебіне республикалық эксперименталды алаң статусы беріліп отыр.

«Мектепке келген балалар сабақ алдында міндетті түрде жарты сағат кітап оқиды. Кітапты өздері таңдайды. Содан кейін оқығандарын талқыға салып, ой қорытады. Математика пәні Сингапурдың тәжірибесіне сәйкес оқытылады. Оқушылардың емін-еркін білім алуына барлық жағдай жасалған. Мәселен, басқа мектептерде оларға үй тапсырмасы беріледі. Ал көбінесе оны үйде ата-анасы орындайды немесе балалар мектепке келгенде бір-бірінен көшіреді. Ал бізде үй тапсырмасы деген мүлде жоқ», - дейді мектеп директоры.

Оның айтуынша, бастауыш сынып оқушыларына 2,3,4,5 деген бағалар қойылмайды. Балдық жүйе енгізіліп, балалардың үлгерімі сол арқылы бағаланады.

Түлектер түгелдей грантқа түскен

«10-11 сынып оқушыларын арнайы тесттен өткізіп, олардың бойындағы таланттарды анықтаймыз. Бұрын ата-аналар балаларына қандай мамандықты таңдау керектігін айтатын. Ал оқуды бітірген жас, сол саланы ұнатпай, басқа жұмысқа кеткен жайттар аз емес. Біздің мақсат – баланың мықты қабілеттерін айқындап, оған «осы 200 мамандықтың ішіндегі 20-сы саған жақсы келеді» дегендей бағыт беру. Былтырғы оқу жылында мектебімізді бітірген 10 түлек түгелдей грантқа түскен», - дейді Аралбек Берікұлы.

Білім ордасында робот техникасы және 3D-модельдеу, бейнелеу өнері, сәндік-қолданбалы өнер, театр және вокал үйірмелері жұмыс істейді. Волейбол, баскетбол, шағын футбол, күрес, шахмат, тоғызқұмалақ секциялары бар. Жаттықтырушылардың кейбірі Астанадан шақырылған. Бір ерекшелігі, әр үйірмеге балалармен бірге ата-аналары да қатыса алады.

Қазір мектепте 170-ге жуық бала оқиды. Құлынжонның іргесіндегі басқа ауылдардан 40 бала келіп білім алады.

«Ыбырай мектебі ұжымының корпоративтік мәдениеті және құндылықтары туралы айта кетейін. Ең бірінші ниет болу керек. Әр істі бастамас бұрын ниетіңізді тексеріп алыңыз. Ол үшін «Неге? Не үшін?» деген сұрақтан бастаңыз. Мысалы, «Неге мен мұғаліммін?», «Не үшін мына сабаққа кіріп бара жатырмын?» дегендей. Дұрыс ниет таусылмас табыс кепілі. Ниетіңіз дұрыс болса, нәтижеге қам жемеңіз, күтпеген жерден жақсы жаңалық болады. Екінші - шыншылдық. Шыншыл адамда айтылған сөзі, жасаған ісіне қатысты сенімі мол болады. Ол кімге не айттым деп қобалжып, уайымдамайды. Ұстаздар - шыншылдықтың нағыз үлгісі болуы тиіс. Үшінші - жақсы ойлау. Жақсы ойлау берекетті арттырады, ауызбіршілікті нығайтады, несібеңді көбейтіп, денсаулыққа пайда әкеледі. Кез келген жағдайды жақсылыққа болжаңыз. Төртінші - күлімдеу. Физиологиялық тұрғыдан қарасақ, жымию қабақты түюге қарағанда бұлшықеттің қозғалысын азырақ қажет етеді. Сіздің жымиғаныңыз қасыңыздағыларға жұғып, олар да күлімсіреп, жылы аура тудырып, жақсы қарым-қатынасқа жол ашады», - дейді директор.

Міне ғана-ақ құрылысы аяқталып, есігін айқара ашқан комьюнити-орталыққа балалар ғана емес, ересектер де қуанып отыр. Бірінші қабатта орналасқан кітапхана таңғы 8.00-ден 23.00-ге дейін ашық болады. Онда 4 мыңға жуық кітап бар.

Орталықта 90 адамға шақталған кинотеатр, компьютерлік және ойын бөлмелері, планетарий, дыбыс жазу студиясы, хореографиялық зал орналасқан.

P/s: Қазақстандағы тұңғыш білім беру кешеніне еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін келіп, уақытын тиімді әрі қызықты өткізе алады. «Ybyrai mektebi» жобасына «Aidyn&Anar Rakhimbayev Foundation» қорынан 2 млн долларға жуық қаражат құйылыпты. Егер жоба нәтижелі іске асып жатса, тағы бірнеше ауылда осындай білім ордасын салу көзделіп отыр.



Соңғы жаңалықтар