Сабыржан Аққалықов әлем чемпионатында қарсыласын нокаут пен нокдаунға түсірді
АСТАНА. KAZINFORM - Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) аясында Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан әлем чемпионатында ел құрамасынан Сабыржан Аққалықов (75 келі) жартылай финалға шықты.
Отандасымыз ширек финалда израильдік Мирослав Капулер-Ищченкомен шаршы алаңға шықты. Жекпе-жек барысында ол қарсыласын нокдаун және нокаутқа түсірді. Нәтижесінде жартылай финалға берілген жолдамаға қол жеткізді.
Енді ел құрамасынан Даниял Сәбит (51 келі), Оразбек Асылқұлов (57 келі), Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі), Абылайхан Жүсіпов (71 келі) және Нұрлан Сапарбай (92 келіден жоғары) шаршы алаңға шығады.
Еске салсақ, бұдан бұрын қазақстандық Теміртас Жүсіпов (48 келі), Сәкен Бибосынов Сәкен Бибосынов (54 келі) жартылай финалға шықты.
Ал Серік Теміржанов (60 келі), Санатәлі Төлтаев (67 келі) ширек финалда сүрінді.
Айта кетсек, әлем чемпионаты 1/8 финалында Ерасыл Жақпеков (80 келі), Дәулет Төлемісов (86 келі), Нурмагамед Юсупов (92 келі) қарсыластарына есе жіберген еді.
IBA турнирі 3-13 желтоқсан аралығында Дубайда ұйымдастырылады. Бұл бәсекеде 13 салмақ дәрежесі белгіленген, ал жүлде қоры өте жоғары: чемпиондар — 300 мың доллар, күміс жүлдегерлер — 150 мың доллар, қола жүлдегерлер — 75 мың доллар, ал ширек финалистер 10 мың доллар алады.