Сәбіздің жаппай бүлінуі деректері анықталмады - АШМ
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан өңірлерін толықтай сәбізбен қамтамасыз ету мүмкіндігі бар. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мәлім етті.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер әлеуметтік желіде көтеріліп жатқан сәбіз мәселесіне қатысты сұрақ қойды.
Өз кезегінде вице-министр сәбіз бойынша облыс әкімдіктері министрлікке тиісті ақпаратты жолдағанын айтты.
- Қазір сәбіздің жаппай бүлінуі деректері анықталған жоқ. Бірен-саран жағдай орын алуы мүмкін, бірақ барлық қоймаларда осындай фактілер жоқ. Атап айтқанда, Қазақстанда өз аумағын толықтай сәбізбен қамтамасыз ету мүмкіндігі бар. Былтыр шыққан өнім қазір халықтың сұранысына жеткілікті, - деді Е. Кенжеханұлы.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде бағаның өсуіне негіз жоқ.
- Әлеуметтік желілерде «сәбізге тиісті сертификаттар берілмей жатыр, соның салдарынан өнім бүлінеді» деген уәж айтылып отыр. Оны біз растамаймыз, өйткені қазір фитосанитарлық сертификаттар тұрақты түрде беріліп отыр. Оған ешқандай тосқауыл мен шектеу жоқ. Тиісті кәсіпорындар өз өнімін экспорттап жатыр, сондай-ақ біздің ішкі нарықта да сәбізге сұраныс өте жоғары, - деді вице-министр.
Жақында павлодарлық фермерлер қоймадағы тонналаған сәбізді сата алмай отырғаны хабарланған еді.