Саддам Хусейннің ұшағы 35 жыл шөлде тұрып, енді сатылымға шығарылды
АСТАНА. KAZINFORM – Ирак билігі Тунис аумағында 35 жылдан бері тұрған екі Boeing 747 ұшағын 1,8 миллион долларға сатуға шешім қабылдады. Олардың бірі кезінде Ирактың бұрынғы президенті Саддам Хусейнге арналған, деп хабарлайды BILD.
1991 жылы Парсы шығанағындағы соғыс кезінде жойылып кетуден сақтау үшін екі ұшақ Ирактан Туниске жеткізілген. Алайда содан бері олар Бағдадқа қайтарылмаған.
Сатылымға қойылған ұшақтардың бірі – 1982 жылы шығарылған, тіркеу нөмірі YI-ALM болатын Boeing 747SP. Aerotelegraph басылымының мәліметінше, әуе кемесі әуел бастан үкіметтік ұшақ ретінде жабдықталған.
«Әл-Кадисия» деп аталатын ұшақтың ішінде жеке демалыс бөлмелері, конференц-зал және ұйықтауға арналған орындықтары бар салон орналасқан.
1991 жылдың қаңтарынан бері ол Тунистің шөлді аймағындағы Тозер-Нефта әуежайында тұр. Халықаралық санкциялар, қаржылық даулар мен тұрақ ақысының өсуі ұшақты Иракқа қайтаруға кедергі болған.
Iraqi Airways әуе компаниясы Саддам Хусейннің бұл ұшақпен сапарлағанын ресми түрде растаған жоқ. Дегенмен ұшақтың жабдықталуы мен тарихи фотосуреттер оның мемлекет басшысына пайдалануға берілгенін меңзейді.
1983 жылдың қазанында Саддам Хусейн қатысқан үкіметаралық келіссөздер кезінде ұшақ Лондонда болған. Ал 1986 жылы Мәскеуге сапары барысында Ирак басшысы Boeing 747SP ұшағының алдында суретке түскен.
Сатылымға шығарылған екінші ұшақ – тіркеу нөмірі YI-AGP болатын Boeing 747-200. Ол 330 жолаушыға арналған және жолаушы мен жүк тасымалдауға пайдаланылған.
– Ұшақтар қазіргі күйінде, ешқандай кепілдіксіз сатылады. Оларды тасымалдау, кедендік баждар мен салықтарды төлеу сатып алушының міндетіне жүктеледі. Саудаға қатысушылар әр ұшақ үшін 180 мың доллар кепілдік жарна енгізуі тиіс, – делінген сатылым шарттарында.
Әуе компаниясы ұшақтардың қайта ұшуға жарамдылығы туралы нақты мәлімет бермеген. Ал Тунис бұқаралық ақпарат құралдары олардың ұшуға жарамсыз екенін жазып отыр.
Бұған дейін де ұшақтарды сату әрекеттері нәтижесіз аяқталған. 2023 жылы Ирак әр ұшақ үшін 494 мың доллар сұраған.
Ұшақтардың Тозер әуежайында ұзақ жылдар тұруы Иракқа қомақты шығын әкелген. 2020 жылы ел билігі тұрақ ақысы бойынша жиналған шамамен 5,4 миллион доллар қарызды өтеген.
Егер 2027 жылдың қаңтарына дейін сатып алушы табылмаса, Iraqi Airways ұшақтарды металл сынығына өткізу мүмкіндігін қарастыруы ықтимал.
Саддам Хусейн 1979 жылдан бастап Иракты басқарды. 1990 жылы оның Кувейтке басып кіру туралы шешімі Парсы шығанағындағы соғысқа алып келді. 2003 жылы АҚШ бастаған әскери операция нәтижесінде биліктен кетірілді. Сол жылдың желтоқсанында Тикрит маңындағы жерасты жасырын орнынан табылды. 2006 жылғы 30 желтоқсанда Ирак сотының үкімімен Бағдадта өлім жазасына кесілді.
Айта кетейік, бұған дейін Германияның бұрынғы канцлері Ангела Меркель пайдаланған үкіметтік Airbus A340-300 ұшағының бөлшектерінен кәдесыйлар жасалып, сатылымға шығарылған еді.