Садыр Жапаров Чолпон-Атада ҚР Сыртқы істер министрлігінің басшысымен кездесті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қырғыз тарапының шақыруымен Қырғыз Республикасына ресми сапармен барды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Қырғыз Республикасы Президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, сапар барысында Мұрат Нұртілеу Чолпон-Атада Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен кездесіп, онда екіжақты қызығушылық тудыратын барлық саладағы қазақ-қырғыз екіжақты ынтымақтастығының өзекті мәселелері, әсіресе елдер арасындағы басым жобаларды іске асыру, оның ішінде Қамбар-Ата ГЭС-1 құрылысын салу мәселелері талқыланды.
Өз кезегінде Мұрат Нұртілеу Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Садыр Жапаровқа сәлемі мен ізгі тілегін жеткізді. Ол сондай-ақ мемлекет басшылары алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін салуға дайын екенін айтты.

Қырғызстан Президенті мемлекетаралық қатынастардың дәйекті кеңеюіне, оларды практикалық мазмұнмен толтыруға ықпал ететін барлық деңгейдегі саяси диалогтың қарқынды тереңдеуін атап өтті. Сондай-ақ Жапаров Қазақстан Сыртқы істер министрлігі басшысының ресми сапары бауырластық қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға, әсіресе Қазақстан Президентінің Қырғызстанға алдағы ресми сапарына дайындық аясында маңызды ынталандыру болатынына сенім білдірді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қырғызстан халықаралық интернет-трафикке монополия енгізгенін хабарлаған едік.