Сағат белдеуінің ауысуы: Министр сағат нешеде ұйықтайтынын айтты

АСТАНА. KAZINFORM – Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев және Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкіметтегі брифингте сағат белдеуінің ауысуы туралы сұрақтарға жауап берді.

уақыт
Фото: Pexels

«Егер медицина мамандары қазіргі жағдай денсаулыққа өте зиян екенін айтып, Қазақстанға бірнеше сағат белдеуі қажет десе, Үкімет сағат тіліне өзгеріс енгізе ме? Сағат 16:30-да күннің батуы жөнінде өздеріңіз не ойлайсыздар және сағат нешеде ұйқыға жатасыздар?», - деп сұрақ қойды тілшілер лауазымды тұлғаларға. 

Өз кезегінде Ғани Бейсембаев еш болжам жасамауды және медициналық зерттеулерді күтуді ұсынды. 

«Жұмысбастылық пен қағазбастылықты ескерсек, сағат 23:00-ден ерте ұйықтамаймын», - деді Оқу-ағарту министрі. 

Өнеркәсіп министрі Қанат Шарлапаев та әріптесінің пікірін қолдады. 

«Алдымен зерттеу нәтижелерін күтіп, нақты нәтижелерге сүйеніп, осы мәселеге қайта ораламыз. Ал менің қай уақытта ұйықтап-оянатыным – кешіріңіз, бұл менің жеке шаруам. Бұл менің қызметтік міндеттерімді орындауыма еш кедергі келтірмейді, сондықтан бұл сұраққа жауап бермеймін», - деді Қ. Шарлапаев. 

Айта кетейік, елімізде уақыт белдеуін зерттеуге 160 млн теңге жұмсалмақ.

Соңғы жаңалықтар