Сағатына жылдамдығы 600 шақырымдық пойыз жұрт назарын аударды — шетелдегі қазақ баспасөзі
АСТАНА. KAZINFORM — Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Өзбекстан халқының саны жылмен салыстырғанда 2 пайызға өскен — ӨзА
Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік статистика комитетінің мәліметінше, 2025 жыл 1 шілдедегі жағдай бойынша елдің тұрақты халқының саны 37 859 698 адам болды

Жыл басында бұл көрсеткіш 37,5 миллион болған. Демек, алты ай ішінде халық саны шамамен 360 мың адамға артқан, деп жазады «ӨзА» ақпарат агенттігі.
Хабарламада айтылуынша, гендерлік құрылым бойынша: әйелдер — 18,8 миллион, ерлер — 19,1 миллион.
Тұрғылықты жеріне қарай: қалалық тұрғындар — 19,3 миллион, ауыл тұрғындары — 18,6 миллион адам.
Айта кетейік, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға жоғары. Мұндай өсім елде табиғи демографиялық өсім мен көші-қон үдерістерінің тұрақты түрде жалғасып жатқанын көрсетеді.
Сағаттық жылдамдығы 600 шақырымдық пойыз жұрт назарын аударды — CNR
Бейжіңде 12-ші Дүниежүзілік жоғары жылдамдықты теміржол конференциясы өтіп жатыр және 600 км/сағ жылдамдықтағы асқын өткізгіш электрлік жоғары жылдамдықты пойызы да осы конференцияда тұңғыш рет көрсетілді. Бұл туралы Қытайдың «Орталық халық радиосы» хабарлады.
Аталған басылымның мәліметінше, бұл жоғары жылдамдықты пойызбен жол арасында контактісіз жұмыс істеуге қол жеткізіледі. Көлік төмен жылдамдықпен жүргенде, ол резеңке дөңгелектермен жүреді. 150 км/сағ жылдамдыққа жеткеннен кейін резеңке дөңгелектер тартылады.

Қарапайым рельсті көліктермен салыстырғанда бұл магнитті қалқыма пойыздардың жоғарыға күшті өрмелеу қабілеті бар, бұрылу радиусы шағын, жоғары қозғалыс жылдамдығы, төмен шуыл, жоғары қауіпсіздік және механикалық тозу, жөндеу және техникалық қызмет көрсету шығындарының төмендігі сияқты артықшылықтары бар.
Қазақстандық 13 кәсіпкер Циндаода білімін толықтырды — «Халық газеті»
29 маусым мен 4 шілде аралығында Қытай-Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Экономика және сауда институтында «Қытай-Қазақстан ауылшаруашылық кәсіпорны жергілікті экономикалық және сауда ынтымақтастығының оқыту курсы (екінші кезең)» сәтті өтті. Бұл курсқа Қазақстаннан 13 кәсіпкер қатысты, деп хабарлайды «Халық газеті» басылымы.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, курсанттар Циндао·ШЫҰ інжу-маржан халықаралық экспо орталығына, ШЫҰ-ның «бір терезеде» қызмет көрсету платформасына және жергілікті кәсіпорындарға барып, мал шаруашылығы технологиясының дамуы мен Қытайдың ақылды ауылшаруашылық технологиясын қолданудағы жетістіктерімен танысқан.
Сонымен қатар, өткен жұмада институтта қытайлық және қазақстандық кәсіпкерлер арасында іскерлік кездесу өтті.
Қытайлық басылымның келтірген дерегіне сүйенсек, ШЫҰ Экономика және сауда институты 2022 жылы құрылғаннан бері 175 оқу курсын өткізді. Курста ШЫҰ және «Бір белдеу, бір жол» бойындағы елдерден шамамен 12 000 курсант білім алған.
Сондай-ақ «Халық газеті» басылымында «Бірінші жартыжылдықта Қытайдың автомобиль өндірісі мен сату көлемі алғаш рет 15 миллионнан асты» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Қытайдың Автомобиль өнеркәсібі қауымдастығының 10 шілде күні жариялаған деректеріне сәйкес, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Қытайдың автомобиль өндірісі мен сатылымының көлемі алғаш рет 15 миллион автомобильден асқан. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі таңбалы өсімге қол жеткізді. Автомобиль өнеркәсібі қарқынды дамуды жалғастырып келеді.
Бірінші жартыжылдықта Қытайдың автомобиль өндірісі мен сату көлемі сәйкесінше 15,621 миллион және 15,653 миллион болды. Олардың ішінде жаңа энергетикалық көліктердің өндірісі мен сатылымы сәйкесінше 6,968 миллион және 6,937 миллион болды. Көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сәйкесінше 41,4% және 40,3%-ға өсті. Ал жаңа энергетикалық көліктер жаңа көліктерінің жалпы сатылымы 44,3%-ға жетті.
Иран Батыс Азиядағы тарихи рекорды бар бауыр трансплантациясы бойынша көшбасшы — ParsToday
Теһранның Имам Хомейни ауруханасы бауыр трансплантациясы бойынша 2000-ыншы операциясын жасай отырып, Иранның Батыс Азия аймағында мүшелерді трансплантациялау бойынша жетекші орталықтардың бірі ретінде танытты, деп жазды ParsToday ақпарат агенттігі.

ParsToday ақпарат агенттігінің мәліметінше, Имам Хомейни атындағы аурухананың бауыр трансплантациясы бөлімінің меңгерушісі, доктор Әли Джафарианның айтуынша, Иран Түркиямен бірге Батыс Азиядағы бауыр трансплантациясы саласындағы алғашқы елдердің бірі және жасалған трансплантация нәтижелері әлемдік стандарттарға сәйкес келеді. Тегерандағы Имам Хомейни ауруханасы айына 15-20 бауыр трансплантациясын жасап, басқа елдерге қарағанда төмен бағамен жоғары сапалы қызмет көрсетеді. Бұл үлкен жетістік 2001 жылдан бері осы ирандық орталықтың медициналық тобының тынымсыз талпыныстарының жемісі.
Доктор Джафариан бауыр трансплантациясын әлемдегі ең күрделі және стратегиялық емдеу әдістерінің бірі деп бағалады.
Оның айтуынша, көптеген елде арнайы инфрақұрылымның болмауына байланысты бұл емдеу түрін орындау мүмкін емес. Бақытымызға орай, Иран Батыс Азия аймағында өте маңызды орынға ие.
Сондай-ақ осы аптада ParsToday-де «Ирандық зерттеуші COVID-19 мен қатерлі ісікке арналған дәл үй тестін ойлап тапты» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Келтірілеген деректерге сүйенсек, үйдегі сынақтар тұмау мен COVID-19 диагностикасының қарапайым және оңай шешімі, бірақ олар өте дәл емес. Осыған байланысты және бейсенбі күнгі ParsToday хабарына сәйкес, ирандық зерттеуші Камиар Бехрузи үйдегі жылдам сынақтарды COVID сияқты вирустарға 100 есе сезімтал ететін арзан биосенсорлық технология түріндегі жаңа құралды ұсынған.

Бұл диагностикалық әдіс сонымен қатар қуық асты безінің қатерлі ісігі және септицемия сияқты басқа да қауіпті аурулардың жылдам скринингін қамтамасыз ете алатыны айтылған.
Түркияның Сыртқы істер министрі орыс және қазақ әріптестерімен кездесті — TRT
Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен BRICS саммиті аясында Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесті.
Дипломатиялық дереккөздерге қарағанда, Фидан мен Лавров екіжақты саяси және экономикалық мәселелерді, сондай-ақ энергетика саласындағы ынтымақтастықты талқылаған.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
Аталған БАҚ-тың мәліметінше, министрлер аймақтағы Израильдің күшейіп келе жатқан агрессиясынан туындайтын қауіптер, Газа секторындағы соңғы оқиғалар, Иранның ядролық істері және Ауғанстандағы жағдай сияқты өңірлік мәселелер бойынша пікір алмасқан.
Сондай-ақ Фидан Бразилияда Қазақстанның Премьер-министрінің орынбасары және Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен кездескен.
«TRT»-ның дерегінше, екі күндік BRICS саммиті жексенбі күні басталды. Ірі дамушы экономикалардың көшбасшылары жаһандық қауіпсіздік, басқару реформасы және елдер арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылау үшін жиналды.
Айта кетейік, Түркия BRICS-ке қосылуға өтініш берді және биылғы саммитке арнайы шақырту алған.