Сағындық Тоғамбай бокстан әлем чемпионаты жартылай финалынан тыс қалды
АСТАНА. KAZINFORM - Англияның Ливерпуль қаласында World Boxing аясында өтіп жатқан әлем чемпионатын Қазақстан құрамасынан Сағындық Тоғамбай (90 келі) ширек финалда аяқтады.

Отандасымыз ширек финалда өзбекстандық Турабек Хабибулаевпен қолғап түйістірді.
Бірінші және екінші раундта төрешілер бірауыздан өзбекстандық боксшының жеңгенін көрсетті. Нәтижесінде Турабек Хабибулаев жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Қарсылас та оңай болған жоқ. 2004 жылы дүниеге келген өзбекстандық боксшы 2024 жылы Азия чемпионы атанса, 2022 жылы жастар арасында әлем чемпионы атағын жеңіп алған еді.
Сағындық Тоғамбай 2001 жылы 15 ақпанда Астана қаласында дүниеге келген. 2024 жылы Азия чемпионы атанса, 2022 жылы Жазғы Азия ойындарында қола жүлдегер болды.
Бүгін ел құрамасынан Махмуд Сабырхан (55 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Виктория Графеева (60 келі), Елдана Талипова (80 келіден жоғары) жартылай финалға шықса, Нұрбек Оралбай (80 келі) жарыс жолын аяқтады.
Енді Қазақстан уақытымен 22:00-де басталатын кешкі сессияда Алуа Балқыбекова (51 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Аида Әбікеева (65 келі), Гүлсая Ержан (80 келі), Бибарыс Жексен (65 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) шаршы алаңға шығады.
Дүбірлі дода 4-14 қыркүйек аралығында Англияның Ливерпуль қаласында өтеді. Жекпе-жектер «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Әлемнің әр қиырынан келген боксшылар 4-10 қыркүйек аралығында іріктеу кезеңінде сайысқа түседі. Ал 12-13 қыркүйекте жартылай болса, 13-14 қыркүйекте финалдық бәсекелер өтеді.
World Boxing ұйымының аясында алғаш рет өтетін әлем чемпионатына 68 елден барлығы 554 (ерлер - 329, әйелдер - 225) келді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Әлем чемпионатында Төрехан Сабырхан франциялық Макан Траореден басым түсті.