Сағынтаев COVID-19 жаңа штамдары туралы айтты
Бақытжан Сағынтаев жаңа вирустың түрі «Ухань вирусына» мүлдем ұқсамайтынын айтты.
«Қазір таралып жатқан COVID-19 штамдарының түрі басқа. Былтырдан бері күресіп келе жатқан вирустан айырмашылығы бар. Егер репродуктив көрсеткішке қарасақ, ұлыбританиялық және оңтүстік-африкалық штамдарды көп адам жұқтыратынын және салдары ауыр екенін көруге болады. Таңертеңгі статистика бойынша 510 коронавирус жұқтыру жағдайы тіркелген, оның 417-сі симптомдары бар. Егер бұрын симптомсыз жұқтыру дерегі көп болса, қазір жағдай өзгерген», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Бұған дейін, мегаполис басшысы Алматыда жаппай вакцинация сәуірдің ортасында басталатынын айтты.
Сонымен қатар, ол Алматыда коронавирустың үшінші толқыны басталғанын мәлім етті.
Айта кетейік, сенбі, 27 наурызда Алматының бас мемлекеттік санитария дәрігері Жандарбек Бекшин қалада күшейтілген карантин шараларын 12 сәуірге дейін ұзартты.