Сағынтаев Қазақстандағы ең қауіпті жолдарды анықтауды тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың ең қауіпті учаскелерін анықтау қажет.

Сағынтаев Қазақстандағы ең қауіпті жолдарды анықтауды тапсырды

Бүгін ҚР Үкіметі отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев тиісті ведостволарға осындай тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ішкі істер, Инвестициялар және даму министрліктеріне өңір әкімдерімен бірлесіп, ірі жол-көлік апаттарының себебін анықтауды тапсырамын. Республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының барынша қауіпті учаскелерін анықтау, мұндай оқиғалары төмендету бойынша кешенді шаралар қабылдау қажет. Қыркүйек айының үш күнінің ішінде ғана Оңтүстік Қазақстан облысының 1 учаскесінде 12 адам қаза тауып, 19-ы жарақат алды», - деді Сағынтаев.

Үкімет басшысы мұндай жайттың орын алуына не себеп болғандығын анықтауды тапсырды.

«Түсініксіз учаске, мүмкін бірдеңесі дұрыс емес шығар. Үш күннің ішінде сонша жол-көлік апаты орын алып жатса. Қайта қарау керек болады. Міне, осындай учаскелер бізде көп. Жақсарту үшін не істейтіндігіміз туралы ұсыныс енгізіңіздер», - деді Премьер-Министр.