Сағынтаев мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша нақты тапсырмалар жүктеді
«ҚР Ұлттық экономика министрі өз баяндамасында Қарағанды облысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі аясында бекітілген шарттар бойынша көшбасшы екенін атап өтті. Ал егер ары қарай қарасақ, конкурс, қол қою кезеңінде, сондай-ақ құжатнаманы әзірлеу кезеңінде жоқтың қасы. Осы орайда Қарағанды облысы көшбасшы деп айту қиындау. Бұл жағдайға кешенді түрде қарау керек. Сондықтан көрсеткіштер бойынша Шығыс Қазақстан облысы көш бастап тұрғанын байқаймыз. Конкурс кезеңінде -64, құжатнамалық деңгейде- 20, бекітілген шарттарды ескере отырып, жалпы 96-ға жетті. Яғни өңір көшбасшысы болып отыр. Ал егер шарттар бекітілгенімен, ары қарай ешқандай жұмыс болмаса, аталған өңір (Қарағанды облысы) қайдан көшбасшы атанады? Осы бағыттағы жұмыстарда босаңсуға жол берілмеуі тиіс»,-деді Премьер-Министр Үкімет отырысы барысында.
Сөз соңында Бақытжан Сағынтаев жыл соңына қарай барлық облыстар мен министрліктер бойынша көрсетілген индикаторларға қол жеткізу керектігін тапсырды.
Өз кезегінде Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов бүгінде әзірлеу кезеңінде тағы 11 жоба тұрғанын жеткізді. Қазіргі кезде облыста 7,4 млрд теңге сомасында мемлекеттік-жекшелік әріптестіктің 21 жобасы іске асырылды.
ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың сөзіне қарағанда, жүргізілген орталықсыздандыру және әкімдіктерге МЖӘ жобаларын өз бетінше дайындау және қарау өкілеттігін беру жалпы МЖӘ-ні жандандырды. Жоғарыда аталған шарттардың (116) негізгісі өңірлердің үлесіне тиесілі.
«Өңірлерде барлығы 93,3 млрд. теңгеге 113 МЖӘ шарты жасалды. Қосымша, Шығыс Қазақстан облысының 64 МЖӘ шарттары (кіші бала-бақшалар бойынша) қазынашылық органдарда тіркеу сатысында. Шарт жасасу бойынша көшбасшы Қарағанды (21), Қостанай (17), және Оңтүстік Қазақстан облыстары (13) болып табылады. Бұл ретте, инвестиция көлемі бойынша (жобаның құны бойынша) Ақтөбе облысы (16,6 млрд. теңге) және Астана қаласы (15,1 млрд. теңге) көш бастап тұр. Кейбір облыстар бойынша әзірге «төмен» көрсеткіштер байқалуда. Оларда дайындық үстіндегі жобалар бар, сол бойынша жұмысты жеделдету қажет»,- деді Т. Сүлейменов.