Сағынтаев ведомстволарға жабылған жолдардағы қауіпсіздік шараларына назар аударуды тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ауа райының күрт құбылуына байланысты жабылған жолдардағы қауіпсіздік шараларына назар аударуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сағынтаев ведомстволарға жабылған жолдардағы қауіпсіздік шараларына назар аударуды тапсырды

«Еліміздің солтүстік өңірлерінде ауа райы қолайсыз жағдайда болып тұр. Сол себептен келеңсің жағдайларды болдырмас үшін жолдар жабылып жатыр», - деді Үкімет басшысы.

Өз кезегінде ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бірқатар облыстарды жел күшейіп, қатты боран соғып тұрғанын айта келе, осы орайда көлік қозғалысына шектеу қойылып, жағдай бақылауға алынғанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта Астадан барлық бағыттар бойынша жолдар жабылды. Бұл ретте көліктің барлық түрлері үшін шектеу енгізілді. Сонымен қатар Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Қызылорда облыстарында көлік қозғалысы шектелді. Барлық жолдарда бақылау бекеттері қойылды. Осы тұрғыда патрульдік жол полициясы, жолдағы қызметтер жұмылдырылып, Төтенше жағдайлар комитетінің құтқару қызметінің жұмысы ұйымдастырылды», - деп нақтылады министр.

Астана мен аталған облыс орталықтарында, елді мекендерде тиісті көмек көрсету шаралары жүзеге асырылуда.

«Қажет болғанда, қосымша күштер тартылады. Жалпы, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Тұрғындар тиісті ақпаратпен дер кезінде қамтасыз етілуде», - деді Қ. Қасымов.

Министрдің баяндамасынан кейін, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бірінші орынбасары Асқар Маминге ауа райына қатысты барлық мәселелерге уақтылы әрекет ету шараларын қатаң қадағалауды тапсырды.