Сәкен Бибосынов Азия ойындарында алғашқы жеңісіне қол жеткізді
Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында бокстан Токио олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов алғашқы жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның басты үміттерінің бірінен саналатын С.Бибосынов 51 келіге дейінгі салмақта 1/16 финалда моңғолиялық Орхонтунгалаг Унуболдпен жұдырықтасты.
Бірінші раундта төрешілер түгелдей басымдықты Сәкенге берді. Екінші, үшінші кезеңде де ештеңе өзгере қойған жоқ. Есеп – 5:0, Сәкен Бибосыновтың пайдасында.
Осылайша, қазақстандық боксшы келесі айналымға өтті.
Сәкен Бибосыновтың келесі қарсыласы - олимпиада чемпионы, өзбекстандық Хасанбой Дусматов.
Тағы бір қазақстандық Наталья Богданова 66 келіге дейінгі салмақта Сауд Арабиясының өкілі Рагад Ибрагим Аль-Наимиді бірінші раундта-ақ үш рет нокдаунға жіберіп, нокаутпен ұтты. Сөйтіп ол ширек финалға жолдама алды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Азия ойындарында қазақстандық боксшылардың қашан рингке шығатыны белгілі болғанын жазған едік.
Сондай-ақ қазақстандық боксшы Азия ойындарын жеңіспен бастады.