Сақтандыру омбудсмені сайланды
АСТАНА. KAZINFORM — Игорь Яковенко 3 жыл өкілеттік мерзімімен сақтандыру омбудсмені лауазымына қайта сайланғаны белгілі болды. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлім етті.
— 2025 жылғы 7 қарашада «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 86-бабының 3-тармағына сәйкес Агенттік Комиссиясының шешімімен Игорь Алексеевич Яковенко 3 жыл өкілеттік мерзімімен сақтандыру омбудсмені лауазымына қайта сайланды, — делінген хабарламада.
Игорь Яковенко сақтандыру омбудсмені лауазымына екінші мерзімге кіріседі. Ол сақтандыру омбудсменінің міндеттерін 2022 жылғы 30 қарашадан бастап атқарады. Оның заңгерлік және экономикалық білімі, сақтандыру және банк секторларында, оның ішінде басшылық лауазымдарда көп жылдық жұмыс тәжірибесі бар. Әр жылдары адвокаттық қызметпен айналысты, коммерциялық, азаматтық және басқа да істер бойынша соттарда клиенттердің мүдделерін білдіріп, оларды қорғады.
Игорь Яковенконың басшылығымен азаматтардың жолданымдарын қараудың тиімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған жүйелік шаралар кешені іске асырылды. Атап айтқанда, дауларды қараудың татуластыру және оңайлату рәсімдері енгізілді, Сақтандыру омбудсмені кеңсесінің құрылымдық реформалары жүргізілді, сондай-ақ жұмыстың негізгі бағыттарын цифрландыру жүзеге асырылды. Шешімдердің орындалуын бақылауды автоматтандыруды және сақтандыру ұйымдарымен жедел өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін CRM-жүйесі енгізілді.
Сондай-ақ, шығынды анықтау кезінде амортизациялық тозуды есептеу үшін онлайн-калькулятор құрылды.
Сақтандыру омбудсменінің қызметі азаматтардың сақтандыру жүйесіне деген сенімін арттыруға және сақтандыру нарығына қатысушылар арасындағы сындарлы диалогты дамытуға одан әрі ықпал ететін болады.
Бұдан бұрын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің құзыреті кеңейтілгенін жазған едік.