Сал ауруына шалдыққан спортшы қол күреспен айналысып, әлемдік додаларда топ жарып жүр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында тұратын Данияр Ауданбек өмір есігін ашқанда церебралды сал ауруы диагнозы қойылған. Тағдырдың сынағына сағын сындырмаған ол қол күреспен айналысып, бірнеше дүркін әлем чемпионы атанды. Kazinform тілшісі жуықта 25 жастағы параспортшыны әңгімеге тартып көрді.

— Қол күреске қызығушылығыңыз қалай оянды?
— Риддердегі «Шаңырақ» мектебінің түлегімін. Сол жерде қол күрес үйірмесі бар. Дене шынықтырудан сабақ беретін Әділжан аға сонда жаттықтырушы еді. Сол кісі шақырды. Ол кезде 6-шы сыныптамын. Армрестлинг әліппесін оқып, техникасын үйреніп алғанша біраз уақыт кетті. Ірі жарыстарға 10-шы сынып оқып жүргенде шыға бастадым. Облыстық чемпионаттар өтіп жатты. Кейде жүлдеге іліктім, кейде жолым болмады. Ал 2017 жылы Польшаға Әлем кубогіне жол тарттық. Ол бәсекеде жүлдегер атандым. Арада жыл өткенде өзімнің алғашқы Әлем чемпионатыма бардым. Кіл мықтылар Түркияның Анталья қаласына жиналды.
— Қобалжу болған шығар?
— Әрине. Өкінішке қарай, ол кезде медаль бұйырмай қалды. 55 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеттім. Армрестлингте мүмкіндігі шектеулі жандар арасында бөлінетін санаттар бар. Мен аяқ ақауы бойынша бақ сынастым. Одан бөлек, көру қабілеті төмен және есту қабілеті нашар спортшылар болып бөлінеді. Осындай үш категория бар.
Сәтсіздікке қарамастан тауымды шақпай, берілмей жаттығуды жалғастыра бердім. Соның нәтижесінде әйтеуір 2021 жылы тұңғыш рет Әлем чемпионы атандым. Тағы да Антальяда өткен додада алтын бұйырып, 15 адамның ішінен үздік шықтым. Жалпы жарыста 40-қа жуық мемлекеттен параспортшылар келіп қатысты. Адамның дайындығына байланысты ыңғайсыз немесе қиын қарсыластары болады. Бірақ намысқа тырысып, тек бірінші орын аламын деп барғанмын. Құдайға шүкір, мақсатыма жеттім.
Түркия төрінде елімнің Әнұраны шырқалқанда жүрегім елжіреп, көңілім босады. 2018-ші жылы болған сәтсіздіктің есесі осылай қайтты.
— Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын қай жылы алдыңыз?
— Әлем чемпионы атанған соң түрлі халықаралық және құрлықтық жарыстарда үздік болдым. Норвегия еліндегі Әлем кубогіне қатысып, 55 келіге дейінгі салмақта жеңіс тұғырынан көріндім. Әлемдік аренада Түркия, Грузия елдерінің өкілдері негізгі қарсыластарым болды. Олардың дайындығы әркез тыңғылықты.
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын 2019 жылдың наурызында алдым. Барлығы Қазақстан біріншілігін бес рет, Азия чемпионатын төрт мәрте ұтып, Әлем чемпионатында екі рет топ жардым. Осының бәрі оңайлықпен келмеді, әрине. Жаттығулардан бөлек, салмақ ұстап тұру, кейін диета сақтау деген бар. Ірі бәсекелердің бірінде 63-тен 55 келіге салмақ түсірдім. Бұл оңай шаруа емес. Азия мен Әлем чемпионатында нақты бір салмақтарға лицензия беріледі. Соған икемделсең ғана, жарысқа бара аласың.

— Салмақ тастау барысын айта кетсеңіз…
— Үш жыл көлемінде 63-64 келіден 8-9 келідей түсіріп келдім. Бір жылдары 10 келі, ең азы 6 келіден арылуға тура келді. Сол кезде қатаң диета сақтаймыз. Газдалған сусын, макарон, тәттілер дегенді мүлде ұмытамыз. Мұндайда суға қайнатылған қарақұмық, тауық еті, күріш жеп, лимон қосылған шай ішуге көшеміз. Бастапқыда қатты қинала қоймаған едім, соңғы кездері салмақ түспей шаршатты. Негізі су көп ішу керек.
Диетаны ірі жарыс алдында бір ай бұрын бастаймыз. Азаннан кешкі сағат 18:00–ден кейін тамақ дегенді ұмытасың. Күнделікті жаттығуды Риддердегі спорт модулінде жасасақ оқу-жаттығу жиындары көбінде Шығыс Қазақстан шеңберінде өтеді. Мәселен, Ұлан ауданына қарасты Привольное ауылына бірнеше рет барып қайттым. Ол жерде білікті бапкер Ерлан Уәлиев баптайтын қол күрес шеберлерімен бірге жаттығамын. Қалған уақытта ыңғайына қарай Өскемен мен Риддердің екі ортасында жүремін.

— Жарыс алдында қорқыныш сезімі бола ма?
— Тәжірибесі мол спортшының өзі сайыс алдында қобалжиды, кейбірі жүрексінеді. Бұл қалыпты жағдай. Бірақ мен қорқыныш атаулыны түбегейлі жойған дұрыс деп есептеймін. Сонда нәтиже болады.
— Шығыс Қазақстандағы армрестлинг деңгейіне қандай баға бересіз?
— Облыста бұл спорт түрі қарқынды дамып келеді. Ел көлемінде шығысқазақстандық спортшылардың шоқтығы биік. Шардара мен біздің облыс алма-кезек көш бастайды деп сеніммен айта аламын.
Қуанышыма орай, осы уақытқа дейін жарыстар мен жаттығуларда ауыр жарақат алмадым. Әйтпесе, оқыс қимыл жасап, опық жегендер жоқ емес. Мәселен, қарсыласын бірнеше секундта жеңіп үйренген адам мен қара күш иесі жолықса, дәрігерлердің жақын жерде жүргендері дұрыс. Бірінің шынтағы тайып, сүйегі сынып кетуі мүмкін. Жалпы, қол күресте жоғары тарту және ішке қарай еніп барып жығуға болады. Спортшылар өзара мұны «верх» және «крюк» дейді. Жоғары тартып күресу арқылы жарақаттан қашуға болады.
— Әңгімеңізге көп рахмет!
Еске салсақ, былтыр батысқазақстандық спортшы қол күресінен Әлем чемпионы атанған болатын.