Сал дертімен ауыратын қазақстандық балаларға Өзбекстанда тегін ем көрсетілмек

Өзбекстанда емделеді
Фото: Қазақстанның Самарқандағы Бас консулдығы

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Самарқандық компания еліміздің Өзбекстанмен шекаралас облыстарында тұратын церебральды сал дертімен ауыратын балаларға тегін ем ұсынбақ, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар. 

Екі ел арасындағы өңірлік ынтымақтастықты кеңейту шеңберінде Қазақстанның Самарқандағы Бас консулдығы және өзбекстандық «SAG Group» компаниясына қарасты «Bionur» клиникасымен меморандумға қол қойылды. Оған сай, Өзбекстан тарапы Шымкент қаласы, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы сал дертіне шалдыққан балаларға ай сайын тегін ем алу үшін 12 квота бөліп отырады.

емделу
Фото: Kazinform/Әлихан Асқар

Емнен бөлек, квотаға бала және онымен еріп жүретін 1 ата-ананың тұру және тамақтану шығындары кіреді.

«Айына тегін 12 балаға және 12 қасына еріп жүретін ата-анасына тегін ем беріледі. Ол тек ем емес, жататын жерлері, тамақтандыру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету көмегін көрсетеді. Ал жол ақысын емделушілердің өздері көтереді», - деді Қазақстанның Самарқандағы Бас консулы Бауыржан Досманбетов.

 

Емделуге квота алу еліміздегі облыстық Денсаулық сақтау басқармалары арқылы жүзеге асады.

Айта кетсек, оңалту орталығы заманауи қондырғы, соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Әр 10 күн сайын 180 бала оңалту курсынан өтеді. Негізінен мұнда сырқаттың жеңіл және ауыр сатысындағы өзбекстандық балалар тегін ем қабылдап жатыр.

Соңғы жаңалықтар