«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы 24 шілде күні СҚО-ға келеді

Саламатты Қазақстан/Көздің көруін тексеру
Фото: Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – 24-шілде мен 31-шілде аралығында «Саламатты Қазақстан» мамандандырылған медициналық пойызы Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындарды қабылдап, медициналық көмек көрсетеді. 

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚО бойынша филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, дәрігерлік бригаданың құрамында терапевт, хирург, педиатр, психолог, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика маманы, жалпы практика дәрігері, рентгенолог, кардиолог, стоматолог, офтальмолог, отоларинголог, онколог-маммолог, гинеколог және уролог медициналық көмек көрсетеді. Пойыз заманауи диагностикалық құралдармен, соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының СҚО-да тұрғындарды қабылдау кестесі:
24 шілде - Ақсуат станциясы;
24 шілде - Қайранкөл станциясы;
25 шілде - Пресногорьковское станциясы;
28 шілде - Тайынша станциясы;
29 шілде - Чкалов станциясы;
29 шілде - Дәуіт станциясы;
30 шілде - Қызыл ту станциясы.

Медициналық пойыз дәрігерлері өңір тұрғындарын таңғы сағат 09.00-ден кешкі 18:00-ге дейін, бір сағат түскі үзіліспен МӘМС аясында ақысыз негізде қабылдайды.

Мамандардың айтуынша, дәрігердің қабылдауына баратын түрғындар міндетті түрде жеке басты куәландыратын құжаттарды ала баруы керек. Медициналық құжаттары болса, оны да ұмытпаған жөн.

Әлеуметтік жоба ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының әріптестігі және “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕАҚ аясында іске асырылып келеді. 

Былтыр «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы еліміздің 121 станциясымен өтіп, 90 мыңнан астам адамға көмек көрсеткенін жазған едік

Соңғы жаңалықтар
telegram