«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Қызылорда облысының Екпінді станциясына келеді

медпойыз
Фото: Kazinform

Қызылорда облысының тұрғындары жоғары білікті дәрігерлер арқылы медициналық көмекке қол жеткізді. Екпінді станциясына «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы келеді, деп хабарлайды Kazinform.

«Саламатты Қазақстан» медпойызы әлеуметтік жобасын «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Samruk-Kazyna» АҚ компаниялар тобының атынан, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Әлеуметтік жобалар қоры» Корпоративтік қорымен бірлесіп жүзеге асыруда. «Саламатты Қазақстан» әлеуметтік жобасының басты ақпараттық серіктесі – ҚР Президентінің Телерадиокешені.

Биылғы жылдан бастап ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен азаматтардың мемлекеттік әлеуметтік қолдау алу құқығын қорғау, зейнетақы тағайындау, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер мен атаулы әлеуметтік көмек мәселесіне байланысты тегін кеңес беріледі. Сондай-ақ, шалғай аймақ тұрғындары тегін медиативті және заңгерлік көмек ала алады.

Екпінді станциясына медициналық пойыз 31 қазанда сағат 23:05-те келіп, 2 қараша күні сағат 22:00-де сапарын әрі қарай жалғастырады.

Жобаның соңы 2023 жылғы 6 желтоқсанда аяқталады. Сол уақытта медициналық пойыз 18 мың шақырымнан астам жолды артқа тастайды. Нәтижесінде елдің ең шалғай станцияларында тұратын азаматтар жоғары білікті медициналық, медиативтік және әлеуметтік сала мамандарының қызметін пайдалана алады.

Әлеуметтік жоба медициналық кабинеттері жоқ аймақтарды қамтиды. Яғни, биыл шалғайдағы станция тұрғындары тағы да тегін тексеруден және емделуден өтуге мүмкіндік алды.

Медициналық пойызда терапевт, стоматолог, офтальмолог, лор, хирург, уролог, маммолог, педиатр және өзге де дәрігерлер халыққа қызмет көрсетті. Пойыз заманауи диагностикалық және емдік жабдықтар, ультрадыбыстық, флюорографиялық аппарат, шағын операциялық бөлме, зертхана, Интернетке сымсыз қол жеткізуге арналған байланыс құралымен жабдықталған.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Алматы-2 станциясынан 26 сәуірде басталған және биылғы жылдың 6 желтоқсанына дейін жүретін «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының кестесін бекітті.

Медициналық пойыздың қазіргі қозғалыс кестесі шалғайдағы станцияларда медициналық пункттің жоқтығын ескере отырып жасалды. Оған қоса азаматтар мен мемлекеттік органдардың өтініштері негізінде жүзеге асты.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Саламатты Қазақстан» пойызы Қызылорда облысының Белкөл кентінде тұрғындарға қызмет көрсеткені жөнінде хабарлаған едік.

 

Соңғы жаңалықтар