«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Құлсарыға жетті
АТЫРАУ. KAZINFORM – Бүгін «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Атырау облысындағы Құлсары қаласының тұрғындарына көмек көрсетуді бастады.

Атырау облысы жедел штабының мәліметінше, медициналық пойыз Қазақстан Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен 1 мамырда жолға шыққан.

Бүгін медициналық пойыз Құлсары қаласына келіп, тұрғындарға тегін қызмет көрсетуді бастады. Мұнда 28 мамырға дейін болады.
«Еліміздің үздік дәрігерлері, медиаторлары, психологтары және заңгерлері бар «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы әлеуметтік жобасының мақсаты – шалғай станциаларда тұратын азаматтарға тегін медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік (татуласу) көмек көрсету. Жағдайы қиын және мұқтаж топтағы тұрғындарға тиімді медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік (татуластық) көмек көрсетіледі», - деп хабарлады облыстық жедел штаб.

Медициналық пойыз құрамына 40 маман енген. Олар – медицина қызметкерлері, медиаторлар мен заңгерлер. Дәрігерлік құрамда терапевт, хирург, педиатр, психолог, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика маманы, жалпы тәжірибелік дәрігер, рентгенолог, кардиолог, стоматолог, офтальмолог, отоларинголог, педиатр, онколог-маммолог, гинеколог және уролог мамандары бар. Қажет болған жағдайда мамандар түрлі операция жасап, жоспарлы емдеуге жолдама береді.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Серік Шәпкенов Құлсары тұрғындары тұтынатын ауыз су сапасын жақсартуды тапсырған еді.