«Саламатты Қазақстан» пойызының дәрігерлері Құлсарының 500 тұрғынына көмек берді
АТЫРАУ. KAZINFORM – «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының дәрігерлері Құлсары қаласының 500-ден тұрғынына тегін көмек көрсетті.

Кешеден бері «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Құлсары қаласының тұрғындарына тұрғындарына көмек көрсетіп жатыр. Бұл пойыз мұнда 28 мамырға дейін аялдайды. Атырау облысының жедел штабынан мәлім еткендей, бір тәуліктің ішінде медицина қызметкерлері Құлсары қаласының 500-ден астам тұрғынына қызмет көрсетті. Медициналық пойыздың арнайы мобильді тобы №6 мектеп пен С.Өтебаев атындағы колледждің жатақханасындағы эвакуациялық пункттерге орналасқан тұрғындарды медициналық тексеруден өткізді.

«Біздің үйіміз суға кетіп, эвакуациялық пунктте тұрып жатырмыз. Осындай сәтте «Саламатты Қазақстан» пойызының дәрігерлері келіп, қызмет көрсетті. Өзімнің қан қысымым жоғары еді. Дәрігерлер қан қысымымды өлшеп, жүрегімді тексерді. Кәсіби біліктілігі жоғары дәрігерлерге көзімді қарату үшін пойызға барғалы тұрмын», - деді Құлсары қаласының тұрғыны Бауыржан Жасақбаев.
Бұл пойыздың құрамына 40 маман бар. Олар – медицина қызметкерлері, медиаторлар мен заңгерлер. Медицина мамандарының қатарына терапевт, хирург, педиатр, психолог, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика маманы, жалпы тәжірибелік дәрігер, рентгенолог, кардиолог, стоматолог, офтальмолог, отоларинголог, педиатр, онколог-маммолог, гинеколог және уролог енген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Құлсарыға жеткенін жазған едік.
