«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы солтүстік өңірдің шалғай стансаларына аттанып кетті

«Бұл пойыздың ерекшелігі, онда онлайн режімінде телебайланыс түрінде жұмыс істеуге қажетті барлық жағдай жасалған. Яғни, қажеттілік туындаған кезде бұл пойыздың мамандары «телемедицина» арқылы республиканың кез келген клиникасымен, кез келген профессормен, біздің Ұлттық медициналық холдингтен бастап Алматы қаласындағы барлық клиникалық базаларымызбен байланысқа шығып, кеңес ала алады», - деді пойыздың сапарға шығу рәсіміне қатысқан ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова.
Айта кетейік, осымен үшінші мәрте сапарға шығып отырған пойызды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі, денсаулық сақтау министрлігі және «Қазақстан темір жолы» компаниясы бірлесіп ұйымдастырып отыр. Ол қажетті диагностикалық құрал-жабдықтармен, шағын ота жасау, зертхана, емдеу аппаратураларымен, телекоммуникациялық құралдармен жабдықталған.