«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Жетісу облысының Ақтоғай стансасында аялдайды
Медициналық пойыз стансаға сағат 8:15-те жетеді. Ал екі күннен кейін, яғни 19 мамыр күні сағат 7:00-де пойыз қайта жолға шығады.
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы 26 сәуір күні «Алматы-2» теміржол вокзалынан аттанған болатын. Пойыз бағдары медициналық кабинеттері жоқ өңірлерді қамтиды. Демек, биыл шалғай стансалардың тұрғындары тегін тексеруден өтіп, терапевт, стоматолог, офтальмолог, лор, хирург, уролог, маммолог, педиатр сынды біліктілігі жоғары мамандардан ем алады. Пойыз заманауи диагностикалық және емдеу жабдықтарымен, УДЗ-мен, флюорографиялық аппаратпен, шағын ота зертханасымен, интернетке сымсыз қосылуға мүмкіндік беретін байланыс құралымен жабдықталған.
Қазіргі уақытта пойыз Жетісу және Алматы облыстарының шалғай елді мекендерін аралап келеді. Бүгінге дейін жылжымалы құрам Қалпе, Қопа, Медеу, Жетісу, Шелек, Тасқарасу, Айдарлы, Жетіген, Іле стансаларында болды.
Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қоры жүзеге асырады, ақпараттық серіктес – Jibek Joly телеарнасы.
Айта кетерлігі, медициналық пойыздың қозғалыс кестесі азаматтар мен мемлекеттік органдардың өтініші негізінде жасалған.