«Саламатты Қазақстан» медпойызы Жарма стансасына аялдайды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Шығыс Қазақстан облысын аралап, шалғайдағы стансалардың тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ертең, 23 мамыр күні таңғы сағат 07:16-да медициналық пойыз Жарма стансасына келіп тоқтайды. Сол сәттен бастап станса тұрғындары жоғары білікті медициналық көмек ала алады. Ал бір күннен кейін, яғни 24 мамыр күні сағат 23:30-да пойыз қайта жолға шығады.

Пойыз бағдары медициналық кабинеттері жоқ өңірлерді қамтиды. Демек, биыл шалғай стансалардың тұрғындары тегін тексеруден өтіп, терапевт, стоматолог, офтальмолог, лор, хирург, уролог, маммолог, педиатр сынды біліктілігі жоғары мамандардан ем алады. Пойыз заманауи диагностикалық және емдеу жабдықтарымен, УДЗ-мен, флюорографиялық аппаратпен, шағын ота зертханасымен, интернетке сымсыз қосылуға мүмкіндік беретін байланыс құралымен жабдықталған.

Қазіргі уақытқа дейін пойыз Жетісу облысында болды. Дәрігерлер Көксу, Қалпе, Лепсі, Ақтоғай, Бескөл стансаларының тұрғындарына жоғары білікті медициналық көмек көрсетті. Жетісу облысындағы медициналық тур Достық стансасында аяқталды.

Айта кетейік, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС 26 сәуір күні Алматы-2 стансасынан жолға шыққан «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының кестесін бекіткен болатын. Пойыз осы жылдың 6 желтоқсанына дейін еліміздің шалғай стансаларын аралап, тұрғындарға медициналық көмек көрсетеді.

Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қоры жүзеге асырады.

Айта кетерлігі, медициналық пойыздың қозғалыс кестесі азаматтар мен мемлекеттік органдардың өтініші негізінде жасалған.


Соңғы жаңалықтар