«Саламатты Қазақстан» пойызы Атырау облысының Аққыстау ауылына аялдап тұр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Атырау облысының Исатай ауданындағы Аққыстау ауылына жетті. Пойыз осыған дейін еліміздегі 70-тен аса бекетке тоқтаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Аққыстау ауылы - «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы тоқтайтын өңірдегі сегіз бекеттің бесіншісі.

Атырауда 2 қыркүйектен бастап бүгінге дейін 1 500-ге жуық тұрғынға медициналық көмек көрсетілген.

Биылғы жобаның ерекшелігі - ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен қосылған психолог, медиатор және заңгерлер 560 адамға кеңес беріп үлгерген.

«Аққыстау ауыл округінде 10 648 адам тұрады. Тұрғындарға бір ай бұрын осы медициналық пойыздың келетінін хабарладық. Жалпы қазір халықтың өз денсаулығына деген жауапкершілігі артқаны байқалады. Бұрын флюорографияға түсудің өзінен қашатын. Ал бүгін өздері келіп, кезекке тұрып, дәрігерлерге қаралып жатыр» - деді ауыл әкімі Ғаділ Боранбаев.

Медициналық пойызда ауыл тұрғындары терапевт, стоматолог, офтальмолог, лор, хирург, уролог, невропатолог, акушер-гинеколог сияқты дәрігерлердің кеңесін алып, тегін тексеруден өтіп жатыр.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы шалғайда орналасқан ауыл-аймақ тұрғындарына тегін көмек көрсетеді. Пойыз 8 вагоннан тұрады, оның 4-і толық медициналық құралдармен жабдықталған. Науқастарды еш кедергісіз қабылдаймыз. Тексеруден өткеннен кейін лезде талдау қорытындысын шығарып береміз. Байқап отырсақ, ауыл тұрғындары көбіне стоматологтың көмегіне жүгініп жатыр. Сондай-ақ невропатолог, хирург және УДЗ-ге жиі тексеріледі», - дейді «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының бас дәрігері Айнұр Игинбаева.

Ауылға ат басын тіреген медициналық пойызға қаралушылардың бірі - Күлайым Әбдіренова. Ол мұндай тегін көмектің тұрғындарды қуантып отырғанын айтады.

«Аққыстау ауылында көптен бері тұрамын. Біздің ауылдан қалаға қатынау үшін жарты күн уақытың кетеді. Одан жеткесін емханада кезекке тұратының тағы бар. Солай кейінге қалып жүрген, арасында мазалайтын тісім бар еді. Соны жұлдырып шықтым. Дәрігерлер мейірімді, қолдары жеңіл екен, ризамын. Осылай алыстағы біздерді елеп, жиірек келіп тұрсын» дейді ол.

«Саламатты Қазақстан» пойызына бүгінге дейін еліміздің шалғай стансаларында тұратын 92 049 адам жүгінген, оның 45 710-ы ғана негізгі медициналық тексерістен өткен.

Көмек алушылардың ішінде 10 520-сы - балалар.

Жалпы дәрігерлер бес айда пойыз ішінде 5377 рет шағын хирургиялық ота жасаған. Ал психологиялық және құқықтық кеңес алушылар саны 5 572 адамға жеткен.

«Құқықтық бағытта қызмет көрсетіп отырған білікті заңгерлер мен медиаторлар ауыл тұрғындарының бірқатар түйткілді мәселелерін шешіп берген. Алдағы уақытта 75 мыңға жуық ауыл тұрғыны негізгі емдік-консультациялық қызмет алады деп күтіліп отыр. Биыл медициналық пойыз өз жұмысын 6 желтоқсанға дейін жалғастырып, жоспар бойынша 120-дан астам станцияға барады», - деді «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева.

Айта кетсек, жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Денсаулық сақтау министрлігімен және «Әлеуметтік жобалар қорымен» ынтымақтастықта іске асырылып жатыр.

Ал арнайы жобаның басты ақпараттық серіктесі – ҚР Президентінің телерадиокешені.


Соңғы жаңалықтар