Салауатты өмір салты: миллиондаған қаржы нәтиже берді ме
АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы жылдары салауатты өмір салты мен бұқаралық спортты дамыту елдің басты мемлекеттік басымдықтарының біріне айналды. Бұл бағытқа миллиондаған қаржы бөлінгенімен, басты сұрақ – өзгеріс нақты сезіле ме? Kazinform тілшісі халық денсаулығын нығайтуға бағытталған шаралардың тиімділігін сараптап, саланың қазіргі ахуалына үңілді.
Денсаулық сақтау шаралары: сандар мен нәтиже
2021–2025 жылдар аралығында салауатты өмір салтын насихаттау мен бұқаралық спортты дамытуға бөлінген қаражат 134,5 миллион теңгеден 211,2 миллион теңгеге жетіп, шамамен 65%-ға артты. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бөлінген қаражат толық игеріліп, бұл халықты салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын ауқымды ақпараттық және түсіндіру шараларын өткізуге мүмкіндік берген.
Бағдарламалар аясында 123 мыңнан астам тақырыптық акция ұйымдастырылып, олар 2,3 миллион адамды қамтыған. Әлеуметтік желілерде тақырыптық бейнероликтер мен мақалалар белсенді түрде таралып, көпшіліктің назарын аударды. Бұл шаралар халық арасында салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыруға және ақпараттық қолдауды кеңейтуге қызмет етті.
– Әлеуметтік желілерде бейнероликтер мен мақалаларды жариялау бағытында белсенді жұмыс жүргіздік. Бұл халық арасында салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді және ведомстволық ұйымдар арқылы жүргізіліп жатқан жұмыстарға қолдау береді, – дейді С. Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту орталығы басқармасының басшысы Самал Лепесова.

2025 жылы салауатты өмір салтын насихаттау және әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу шараларын әдістемелік қамтамасыз ету мен бақылауға 41,2 миллион теңге бөлінді. Ал ұлттық скрининг бағдарламасының іске асырылуын талдауға тағы 9,1 миллион теңге жұмсалды.
– Осылайша, қаражаттың елеулі бөлігі алдын алу шараларына бағытталады. Бұл халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді және превентивтік медицина саласын дамытуға үлес қосады, – деп атап өтті Самал Лепесова.
Дегенмен сандар мен қаржылық көрсеткіштер әсерлі болғанымен, басты мәселе – олар азаматтардың нақты өмірінде қалай көрініс табатыны. Дұрыс тамақтану, белсенді қозғалыс, зиянды әдеттерден бас тарту – осы шаралардың негізгі нәтижесі болуы тиіс. Осы сұрақтарға нақты жауап беру үшін Денсаулық сақтау министрлігі жыл сайын Ұлттық салауатты өмір салтын зерттеуін жүргізеді. Бұл зерттеу халықтың күнделікті өміріндегі өзгерістерді бағалауға мүмкіндік береді.
Салауатты өмір салтын ұстануда алға озғандар мен артта қалғандар
2025 жылғы әлеуметтік зерттеу нәтижесі көрсеткендей, респонденттердің 35%-ы салауатты өмір салтын ұстануда жоғары немесе қанағаттанарлық деңгей көрсеткен. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда 3%-ға, ал 2021 жылмен салыстырғанда шамамен 11%-ға өскен.
Әйелдер арасында салауатты өмір салтын ұстану айтарлықтай жоғары: 39,5%-ы салауатты әдеттерді сақтайды, ал ер адамдарда бұл көрсеткіш 28,7%-ды ғана құрайды. Қала мен ауыл тұрғындары арасындағы айырмашылық өте аз: қалада – 34,4%, ауылда – 33,9%.
– Бұл көрсеткіштер салауатты өмір салтын насихаттайтын мемлекеттік бағдарламалар біртіндеп бүкіл елді қамтып отырғанын дәлелдейді, – дейді Самал Лепесова.

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, салауатты өмір салтын ұстанатын қазақстандықтардың портретінде жас ерекшелігі мен білім деңгейі маңызды рөл атқарады. Жоғары білімді азаматтар өз денсаулығына жиі көңіл бөліп, салауатты әдеттерді ұстануда (37,3%) алдыңғы қатарда. Ал 30–44 жас аралығындағы адамдар – белсенді еңбек пен отбасы қамымен шұғылданатын кезеңде – салауатты өмір салтын ұстануда ең төмен көрсеткішті көрсеткен.
Аймақтар бойынша алдыңғы қатарда Түркістан, Жамбыл, Қостанай және Қарағанды облыстары тұр. Ал Абай мен Шығыс Қазақстан облыстарында салауатты өмір салтын ұстану деңгейі төмен.
– Бұл мәліметтер ұлттық денсаулықты нығайту стратегияларының тиімділігін растайды және созылмалы аурулардың қауіп факторлары одан әрі де төмендей береді деп болжауға негіз береді, – деп хабарлады Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту орталығында.
Ауру қалса да, әдет қалмайды...
Зерттеу нәтижелері қазақстандықтардың өз денсаулығына біртіндеп көбірек көңіл бөле бастағанын көрсетеді. Дегенмен мамандар салауатты өмір салтын сақтау тек бір реттік акция немесе уақытша шарамен шектелмеуі тиіс екенін ескертеді. Бұл әсіресе 30–44 жас аралығындағы азаматтар мен салауатты өмір салтын аз ұстанатын өңірлер үшін өзекті мәселе.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, егер адам темекі шекпесе, жеткілікті мөлшерде көкөніс пен жеміс-жидек жеп тұрса, физикалық белсенділікті сақтаса және алкогольді шектеулі қолданса, өзін салауатты өмір салтын ұстанады деп есептей алады. Соңғы жылдардағы статистика бойынша, қазақстандықтардың осы әдеттері біртіндеп жақсара бастады.
– Әсіресе жастар арасында жетістіктер айқын байқалады. Балалар мен жасөспірімдер спортпен жиі айналысып, темекі мен фастфудты аз тұтынып келеді, – дейді С. Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту орталығының басқарма басшысы Самал Лепесова.
2026 жылға дейінгі Денсаулық сақтау дамуы тұжырымдамасы бойынша салауатты өмір салтын бағалау үшін екі негізгі индикатор белгіленген: азаматтардың салауатты өмір салтын ұстану үлесін арттыру және 15 жастан жоғары халық арасында темекі шегу деңгейін төмендету (ұлттық GATS зерттеуі бойынша).
2025 жылы екінші индикатор бойынша мақсаттық көрсеткіш 19% деңгейінде белгіленсе, Ұлттық статистика бюросының деректері соңғы бес жылда темекі шегу көрсеткішінің 21,9%-дан 17,5%-қа дейін төмендегенін көрсетті. Бұл – салауатты өмір салтын насихаттау шараларының нақты нәтижесін дәлелдейтін айқын оң динамика.

Алайда, көрсеткіштерге қарамастан, елімізде әлі де 3,4 миллион қазақстандық темекі шегуді жалғастырып отыр. Бұл – ел тұрғындарының шамамен әр алтыншысы деген сөз. Елімізде зиянды әдеттерге қарсы жүздеген үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істейді. Мысалы, Esbol Qory қоры қоғамның барлық топтарын ең кең тараған әлеуметтік мәселелерден қорғауға бағытталған кешенді шараларды жүйелі түрде жүзеге асырады.
Қордың басшысы Жандос Ақтаев елде салауатты өмір салтын насихаттауға көптеген шаралар өткізілсе де, олардың көбі бір реттік, акциялық сипатта екенін және тәуелділіктің терең себептерін толық қамтымайтынын атап өтті. Дегенмен, қоғамдық ұйымдар мен Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары бір ойда: тәуелділіктен шығудың жалғыз тиімді жолы — салауатты өмір салтын насихаттау.
– Біз үшін салауатты өмір салты тек спорт пен акция емес, ең алдымен - саналы таңдау мәдениеті, психологиялық тұрақтылық пен құндылықтар. Ішкі себептермен — алаңдаушылық, өмірлік бағдардың жоқтығы, әлеуметтік жалғыздықпен жұмыс жасалмаса, алдын алу шаралары тек беткі деңгейде қалады, – дейді Жандос Ақтаев.
Қор басшысының пікірінше, жүйелі мәселелердің бірі — шын мәнінде кәсіби психологтер жетіспейді, әсіресе өңірлерде бұл проблема өзекті.
– Көптеген адамдар қайда жүгіну керегін білмейді немесе білікті көмекті қалтасы көтермейді. Ел деңгейінде бұл мәселе ерекше назар аударуды және инвестицияны қажет етеді, себебі психологиялық қолдаусыз тәуелділікпен күрес әрқашан толық болмайды, – деді ол.

Сарапшының айтуынша, салауатты өмір салтын қалыптастыру тек акциялар мен статистикамен шектелмейді. Бұл үшін жүйелі қолдау қажет: қолжетімді психологиялық көмек көрсету, тұрақты құндылықтарды қалыптастыру арқылы денсаулықты мемлекет пен әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігіне айналдыру маңызды.
Спорт пен белсенділік – бақыт кепілі
Психологтер мен салауатты өмір салты мамандарының айтуынша, денсаулық пен физикалық белсенділік адамның өмірге қанағаттану деңгейі мен психологиялық жағдайына тікелей әсер етеді.
– Салауатты өмір салты шынымен де адамның бақыт сезіміне әсер етеді, бірақ бұл тек «қуаныш гормондарының» бөлінуі мен стресті азайтумен шектелмейді. Адам өз денесіне, күн тәртібіне, демалысына тұрақты көңіл бөлгенде ішкі тұрақтылық пен сенімділік сезімі қалыптасады. Бұл өз кезегінде субъективті әл-ауқатқа тікелей әсер етеді, – дейді Республикалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы жанындағы Жастар денсаулығы орталығының психологі Жанна Сатыбалдиева.
Оның айтуынша, адамның бақыт сезімі тек физикалық белсенділікке ғана емес, сонымен қатар жақын адамдармен қарым-қатынасқа, өмірінің мәнін сезінуіне, мақсаттары мен негативті эмоциялармен күресу қабілетіне де байланысты.
– Бақыт – бұл тұрақты жақсы көңіл-күй емес, ол ішкі теңгерім мен өз өмірін қабылдау күйі, – деп нақтылады психолог.
Қазақстанда әзірге салауатты өмір салты мен физикалық белсенділікке байланысты ұлттық деңгейде бақыт деңгейін зерттеу жүргізілмеген. Дегенмен жергілікті сауалнама белсенді азаматтардың өздерін жақсы сезінетінін, энергиясы мол, позитивті эмоциясы көп екенін көрсетеді.
Бұқаралық спорт та ұлт денсаулығын нығайтудың негізгі құралдарының бірі болып отыр. Туризм және спорт министрлігінің дерегінше, 2024 жылы ересектердің 41,4%-ы, ал балалар мен жасөспірімдердің 30,4%-ы тұрақты түрде физикалық жаттығулармен айналысқан.

– Бұқаралық спортты насихаттау – сау ұлт қалыптастырудың басты құралы. Бастапқы кезеңде пилоттық «бірыңғай ваучер» жобасы ірі қалаларды қамтиды, ол мемлекеттік және жеке спорт секцияларын, шығармашылық үйірмелер мен қосымша білім беру бағдарламаларын біріктіреді, – дейді Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев.
Бүгінгі таңда 7 мыңнан астам спорт секциясында 240 мыңнан астам бала тегін спортпен айналысып отыр. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 50 миллиард теңге бөлінген. Спорт нұсқаушыларының саны 4 000-нан 5 625-ке дейін өскен, спорт инфрақұрылымы әр 1 000 тұрғынға 55,1% деңгейінде қамтамасыз етілген. 2023–2029 жылдарға арналған Физикалық мәдениет пен спортты дамыту тұжырымдамасына сәйкес бұл көрсеткіш 65%-ке жетеді деп жоспарлануда.
Мамандардың бағалауы бойынша, мемлекеттік бағдарламалар халықтың белсенділігін арттырып, денсаулығын жақсартуда нақты нәтиже көрсетіп отыр. Дегенмен салауатты өмір салтын насихаттаудың толық тиімділігін анықтау үшін физикалық жағдай, белсенділік деңгейі және психологиялық әл-ауқат көрсеткіштерін біріктіретін кешенді зерттеу қажет. Әр адамның денсаулығы – бұл тек жеке жауапкершілік емес, мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Мемлекеттік қолдау мен жеке таңдау үйлескен кезде ғана халықтың әл-ауқаты мен өмірге қанағаттану деңгейі шынымен артады.
Айта кетейік, Астанадағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында 25 түрлі бағыт бойынша үйірмелер мен секциялар тұрақты түрде жұмыс істейді. 17 мыңнан астам зейнеткер орталықтың қызметін тұрақты түрде пайдаланып келеді.