Салауатты мемлекет құрған Назарбаев заманы арман да, аңыз да емес, айшықты ақиқат - И. Тасмағамбетов
Бүгін елордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының кезекті XIII съезі барысында Астана қаласының әкімі, партияның қалалық филиалының төрағасы Иманғали Тасмағамбетов осылай мәлім етті.
Елорда әкімі бүкіл Түркі жұртының кемеңгері Мұстафа Ататүріктің сөзінен бастап: «Жерін бүтіндеп, халқын көбейтіп, мемлекетін көркейткен, міне нағыз жеңімпаз - сол! Ал халық қашанда жеңімпазды таңдайды», деген өсиетке назар аударды. «Расында, арғы-бергі заманда ел билеп, халық есінде қалған қай билеушінің ізі де тарихтағы осындай қырағы қағидамен бағаланады. Кезінде, қазақтың санын миллионға жеткізіп «қой үстіне бозторғай жұмыртқалатқан» Қасымның хандығы бүгінде аңыз. Өз кезегінде бабаның байтақ жерін бүтіндеп, шекарасын бекіткен, адамын 1,5 млн-ға арттырып, алыс-жақын жақтаған, береке бірлігін сақтаған, салауатты мемлекет құрған Назарбаев заманы арман да, аңыз да емес, айшықты ақиқат», - деді И. Тасмағамбетов.