Салық есептілігін кері қайтарып алуға уақытша мүмкіндік берілді
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушілердің таңдаған салық салу режиміне уақытында көшуі үшін салық есептілігін кері қайтарып алуға уақытша рұқсат берді.
Бұл мүмкіндік 2026 жылғы 1 наурызға дейін қолжетімді болады, яғни, осы күнге дейін салық есептілігін кері қайтарып алу туралы өтініш беріледі. Бұл өтініш ескі және жаңа СТК жүйелерінде өтпелі кезең аясында қабылданады.
— Маңыздысы: салық есептілігін қай жүйеде тапсырсаңыз, кері қайтарып алу туралы өтінішті де сол жүйеде беруіңіз керек. Мысалы, егер есепті жаңа СТК-де тапсырған болсаңыз, өтініш те жаңа СТК-де беріледі. Ал ескі СТК-де тапсырылған есепті тек сол жүйеде ғана қайтарып алуға болады, — делінген комитет хабарламасында.
Сонымен қатар, жаңа Салық кодексінде салық есептілігін кері қайтарып алу нормасы алынып тасталған. Сондықтан бұл мүмкіндікті тек салық салу режимін дұрыс таңдау немесе жеке кәсіпкердің қызметін тоқтату үшін ғана пайдалану қажет.
Бұдан бұрын жаңа кодекс бойынша кәсіпкерлер салықты қалай төлейтінін айтқан едік.