Салық реформасы – бюджет саясатын түбегейлі өзгертуге арналған терең реформа – Жұманғарин

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Kazinform агенттігіне эксклюзивті сұхбат берді. BIZDIÑ ORTA подкасты мейманына алғашқы сұрақ қосылған құн салығына қатысты қойылды. 

Серік Жұманғарин
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

— Салық реформасы — бюджет саясатын түбегейлі өзгертуге арналған терең реформа. Еліміздің бүкіл кірісі мен шығысы философиясын өзгертетін реформа. Үкімет пен салық төлеушілердің арасындағы жаңа әлеуметтік шарт. Салықтардың санын, көлемін қысқартып, бизнеске жүктемені азайту — экономикалық заң, бірақ әкімшілік жұмысты нығайту керек. Қосылған құн салығын 20%-дан 12%-ға дейін төмендеттік, корпоративтік табыс салығы 30%-дан 20%-ға дейін төмендеді. Қосымша шағын және орта бизнеске біраз жеңілдіктер берілді, салық комитетінің құзыреті азайтылды, - деді Серік Жұманғарин сұхбат барысында.

Осылайша Ұлттық экономика министрі 454 қосымша салықтың 128-і алынып тасталатынын айтып отыр. 

— Бизнес пайдалы, бірақ оны жүргізу оңай емес. Қазір бізде қосылған құн салығы жалпы ішкі өнім көлемінде 14% ғана, ал дамыған елдерде 20%-дан асады. 14% бизнестің өз-өзіне салған инвестициясы. Басқа салықтар бойынша да солай, жиналым да, пайдасы да төмен. Сол себепті өзгерту керек. Қосылған құн салығы мен корпоративтік табыс салығы бойынша шағын және орта бизнестің үлесі төмен, негізінен ірі бизнеске тиесілі, - дейді ведомство басшысы.

Премьер-Министр орынбасарының мәліметінше, бүгінде елімізде 2 мыңнан астам ірі бизнес субъектісі бар. Олардың салық пен жалпы ішкі өнімдегі үлесі — 66%, ал шағын және орта бизнестің үлесі — 14%.

— Әрине, ірі бизнеске тағы бір қосымша салық салуға болатын еді, бірақ ірі бизнес — біздің діңгегіміз. Ірі бизнесті жоғалтсақ, басқа мемлекеттерге кетіріп алсақ, салық кірісінсіз қаламыз. Сондықтан біз қазіргі қисық жүйені өзгертуіміз керек, - деп толықтырды С. Жұманғарин.

Айта кетейік, 9 сәуірде Мәжіліс Салық кодексінің жаңа жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. 

Салық кодексінің жаңа жобасы бойынша салық есебін тапсыратындар саны 30 пайызға қысқарады. 

Еске салсақ, қосылған құн салығы салынатын айналымның төменгі шегі 40 млн теңге болады. 

Сондай-ақ Серік Жұманғарин корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі өсетін салаларды атады. 

Соңғы жаңалықтар