Салық реформасының инфляцияға әсері: Табысы төмен жандардың өмірі қиындай ма – министр жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа Салық кодексі қабылданған соң инфляция күшейсе, мемлекет әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қалай көмек көрсететінін айтып берді.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері құрылыс салушыларға ҚҚС енгізілген соң тұрғын үй бағасы шарықтап, әлеуметтік осал топтағы азаматтардың өмір сүруі қиындап кетпей ме деп сұрады.
— Біз бұл саланы зерттедік. 2001 жылы құрылысшыларға көптеген жеңілдіктер бердік. Бірақ содан бері тұрғын үй шаршы метрінің бағасы жүздеген пайызға өсті. Бағаның өсуінен жеңілдіктер құтқармайтынына көзіміз жетті. Ондай болса, біз оларға жеңілдіктерді не үшін берген боламыз? Онсыз да баға өседі екен, ең болмаса салық салып, бұл саладан пайда көрейік. Түскен қаржыны әлеуметтік осал топтарға жұмсайық, - деді ол.
Сондай-ақ министр қажет болған жағдайда табысы төмен жандарға мемлекеттік қолдау да артатынын айтты.
— Әлеуметтік осал топтарға және табысы бюджетке байланысты барлық адамдарға келетін болсақ, инфляция артса индекстеу шаралары қарастырылған. Біз ол соманы атағанбыз, ол кемі 800 млрд теңге шамасында болады. Біз жоғарыда айтқан топтағы адамдарды қолдау үшін бұл соманы бөлуге дайынбыз. Қажет болған жағдайда атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін ұлғайтамыз. Баға көтерілсе, тұрғын үй қорын молайтамыз. Бұл реформа сондай мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан оларға бұл өзгеріс ауыртпалық салмайды, - деді Серік Жұманғарин.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне қол қойды.