Салық төлемеудің қандай кері салдары бар

АСТАНА. KAZINFORM – Салық төлемеудің салдары ауыр болуы мүмкін. Өсімпұл еселеніп, тіпті қылмыстық та жауапкершілікке тартылуыңыз ықтимал. Осы орайда салық консультанты Kazinform агенттігінің тілшісімен сұхбаттасу барысында борышкерлерге қандай шаралар қолданылатындығын түсіндірді.

Салық төлемеудің қандай кері салдары бар
Коллаж: Kazinform/Pexels

Мүлік, көлік және жер салығы бойынша қарыз

Жеке тұлғалар салықты дер уақытында төлемеген жағдайда қайта қаржыландырудың 1,25 еселенген ресми мөлшерлемесі көлемінде өсімпұл есептелінеді.

Төлеуден бас тартқан жағдайда материал мәжбүрлеп өндіріп алу үшін жеке сот орындаушыларына беріледі. Өз кезегінде жеке сот орындаушылары мынадай шараларды қолданады:

  • Қазақстан аумағынан тысқары жерге шығуға шектеу қою
  • тіркеу іс-қиыл жасауға шектеу қою
  • салық төлеушінің мүлкін бұғаттау
  • банк есепшоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтату
  • борышкердің өзін тұтқынға алу.

Жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар салық төлемін кешіктірсе...

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 279-бабы 2-тармағында салықты төлеу мерзімін кешіктіру немесе соманы толықтай төлемегені үшін мынадай айыппұлдар көзделген:

  • жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, шағын бизнес субъектілері немесе коммерциялық емес ұйым – 5 АЕК (19 660 теңге)
  • орта кәсіпкерлік субъектілері – 10 АЕК (39 320 теңге)
  • ірі кәсіпкерлік субъектілері – 20 АЕК (78 640 теңге).
  • Бұл ретте егер салық төлеуші төлем сомасын өзі анықтап, 3 жұмыс күні ішінде қосымша салық есеп-қисабын беру арқылы толық аударса айыппұл төлемейді.

Салық декларациясын дер уақытында тапсырмау

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 272-бабына сәйкес, мемлекеттік кіріс органына салық есептілігін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген мерзімде ұсынбау - ескерту жасауға әкеп соғады. Ал қайталанған жағдайда мынадай сомада айыппұл төлеуге тура келеді:

  • жеке тұлғалар – 15 АЕК (58 980 теңге)
  • жекеше нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар – 30 АЕК (117 960 теңге)
  • орта кәсiпкерлiк субъектiлерi – 45 АЕК (176 940 теңге)
  • ірi кәсiпкерлiк субъектiлерi – 75 АЕК (272 240 теңге).

Декларациядағы қате

Егер құжатта қате немесе дұрыс емес дерек кетсе, онда салық төлеуші оны өз бетінше түзете алады. Ол үшін 3 жылдық талап мерзімі шегінде қосымша декларация тапсыру қажет.

Шетелдегі активтерді жасыру

Шетелдегі кірісін жасыратын немесе шетелдегі мүлкін декларацияламаған жеке тұлғалар үшін 100 АЕК мөлшерінде (393 200 теңге) айыппұл көзделген. Осы орайда 2025 жылдан бастап Қазақстан халықаралық салық ақпараттарын алмасу жүйесіне белсенді қатысатындығын қаперде ұстау маңызды.

кеңсе
Фото: Kazinform

Қандай жағдайда банк есепшотты бұғаттайды?

Салық берешегіне байланысты есепшоттарды бұғаттау тек жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға қатысты. Бұл шаралар жеке тұлғаларға қолданылмайды.

Процедура келесідей: алдымен, салық төлеушіге қарыз туралы хабарлама жіберіледі. Егер салық төлеуші хабарламаны елемесе және берешегін өтемесе, онда салық органы салық төлеушінің банктік есепшоттары мен салық төлеуші кассасы бойынша операцияларды тоқтатады.

Бұғаттау жеделдігі салық төлеушінің қандай тәуекел санатына кіретіндігіне байланысты:

  • тәуекелдің жоғары деңгейі – хабарламадан соң 1 жұмыс күнінен кейін
  • тәуекелдің орта деңгейі – 10 жұмыс күнінен кейін.

Қарыз өтелгеннен кейін 1 жұмыс күнінің ішінде бұғат алынады.

Қандай жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартуы мүмкін?

Салық қылмыстарын ізгілендіру мақсатында ҚР Қылмыстық кодексінде қылмыстық іс қозғаудың шекті мәні ұлғайтылды. Осыған байланысты салық салу саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы баптың санкциясындағы айыппұлдар мөлшері ұлғайтылды (ӘҚБтК-нің 275, 278, 280-баптары).

Енді ӘҚБтК-нің 275-бабында жасырын салық салу объектісі бойынша төлеуге жататын салық және басқа да міндетті төлемдер сомасының 200 пайызы мөлшерінде әкімшілік жауапкершілік көзделген. Бұған дейін айыппұл 150 пайыз еді.

Бір жыл ішінде қайталап жасалған құқық бұзушылық салық және басқа да міндетті төлемдер сомасының 200 пайыз емес, 300 пайыз мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Салық төлеуші үшін қылмыстық жауаптылық ірі сомада – 50 000 АЕК-тен астам салықтарды төлемеген жағдайда туындайды, егер сома бір жылдағы барлық салықтардың 10 пайыздан астамын құраса.

Декларацияны ұсынбау, декларацияға кірістер немесе шығыстар туралы әдейі бұрмаланған мәліметтерді енгізу, салық салудың басқа объектілерін немесе басқа да міндетті төлемдерді жасыру жолымен салықты немесе бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару, егер бұл іс-әрекет iрi мөлшерде салықты төлемеуге әкеп соқса, 2 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін айыппұл салуға немесе:

  • дәл сондай мөлшерде түзету жұмыстарына тартуға
  • 800 сағатқа дейін мерзімге қоғамдық жұмысқа тартуға
  • 3 жылға дейін бас бостандығын шектеуге
  • дәл сондай мерзімге белгілі лауазымда қызмет атқару құғынан айыра отырып бас бостандығынан айыруға алып келеді.

Айта кетейік, 25 маусымда Парламент жаңа Салық кодексін бекіткен еді.

Соңғы жаңалықтар