Салық төлеуден жалтарған: Астанада жалған қаржылық құжат жасаған он адамға үкім шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Сот үкімімен 10 тұлға түрлі компанияларға жалған қаржылық құжат жасап беріп, мемлекет бюджетіне 1,6 миллиард теңге көлемінде салық төлемеуге жол ашып берген. Бұл туралы Астана қаласының прокуратурасы мәлім етті.

Бас прокуратура
Фото: Бас прокуратура

Салық салу саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар мемлекетке елеулі материалдық залал келтіреді. Жалған шот-фактура жасау арқылы қолма-қол ақша компанияларын құрған тұлғалардың қылмыстық әрекеті нәтижесінде олардың контрагенттері мемлекет бюджетіне салық төлемей сытылып кетеді. 

— Сот үкімімен 10 тұлға түрлі компанияларға жалған қаржылық құжаттар беріп, мемлекет бюджетіне 1,6 миллиард теңге көлемінде салық төлеуден жалтаруға мүмкіндік берген ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны үшін әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды, — делінген хабарламада.

Аталған салық сомасын төлеуден жалтарған контрагенттер банкрот деп танылғанын ескере отырып, елорда прокуратурасы азаматтық сотқа кінәлі тұлғалардан аталған залалды өндіру туралы талап арызбен жүгінді.

Сот шешімімен Астана қаласы прокурорының талап арызы қанағаттандырылып, сотталғандардан мемлекет кірісіне 1,6 млрд теңге көлемінде залал өндірілді. Сот актісі заңды күшіне енді. 

Соңғы жаңалықтар