Салық төлеушілердің сотқа шығымдануы артып отыр – Әлихан Смайылов
АСТАНА. KAZINFORM – Салық төлеушілердің сотқа шығымдануы артып отыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп берген Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов айтты.
– Салықтық әкімшілендіру сапасына ерекше назар аудару қажет. Салықтарға қатысты төлеушілер тарапынан сотқа шағымдану жағдайлары артқан. Соңғы 4 жылда шағымданған соманың жартысынан көбі салық төлеушілердің пайдасына шешілді, - деді палата төрағасы.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, көлеңкелі экономикаға және жекелеген тауар нарықтарының жеткілікті деңгейде ашық болмауына байланысты тәуекелдер сақталып отыр.
– Таңбалау және цифрлық бақылау тетігінің енгізілуіне қарамастан, өндіріс, импорт және нақты тұтыну көлемдері арасындағы алшақтық өсуде. Нәтижесінде, бюджет түсімдерінің түсу потенциалы шектеліп отыр, - деді ол.
Айта кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Үкіметінің және Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері талқыланып жатыр.