Салықтық бұзушылықтар мен тәуекелдерді жасанды интеллект анықтайды – министр

жасанды интеллект
Фото: Pixabay

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Қаржы министрі Мәди Тәкиев салықтық және кедендік әкімшілендірудегі жаңа цифрлық шешімдер туралы айтып берді.

«Президент тапсырмасымен Мемлекеттік кірістер комитетінің барлық ақпараттық жүйелеріне, тәуелсіз IT-аудит жүргізу бойынша жұмыс басталды. Оның нәтижесі бойынша Мемлекеттік кірістер комитетінің жаңа ақпараттық архитектурасы қалыптасады. Осыған қарамастан биыл салықтық және кедендік ақпараттық жүйелерді интеграциялауды аяқтаймыз. 14 жүйенің орнына тек 5 жүйе жұмыс істейді. Осылайша түбегейлі жаңа, біртұтас цифрлық жүйені әзірлеудеміз», - деді М.Тәкиев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Министрдің айтуынша, бұл бизнесті барлық жұмыс кезеңдерінде қолдаудың сервистік үлгісіне айналады және кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені айтарлықтай азайтады.

«Биыл электронды шот-фактура және Тәуекелдерді басқару жүйелерінің функционалын кеңейту жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Ол жасанды интеллект элементтері негізінде талдамалық есептеулер жүргізуге және салықтық бұзушылықтар мен тәуекел аймақтарын белсенді түрде анықтауға мүмкіндік береді. «АСТАНА-1» және «Бір терезе» ақпараттық жүйелерінің қолданыстағы функционалы жаңадан құрылған «КЕДЕН» ақпараттық жүйесіне беріледі. Осы жүйе аясында басқа да пайдалы жаңа қызметтер мен модульдер әзірленеді», - деді Мәди Тәкиев.

Сонымен бірге, жалпы Қаржы министрлігі бойынша көптеген мәселені шешетін жаңа цифрлық платформа құру жұмыстары басталды. Бұл бюджетті жоспарлаудан бастап, игеруге дейінгі алдын ала бақылауға, отандық өндірушілер туралы толық талдау жасауға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Қаржы министрі елімізде салықтық тексерулер азайса да, салықтық өндіріп алу екі есеге ұлғайғанын айтқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар