Салымшылар үй мен көліктерін кепілге қойған: Шымкентте қаржы пирамидасы әшкереленді

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласы бойынша ҚМА «Mooni Gold» қаржы пирамидасының заңсыз әрекетін әшкереледі. 

қаржы пирамидасы
Фото: ҚМА

— Тергеу деректеріне сай күдіктілер өздерін зергерлік бұйымдар сататын компания ретінде көрсетіп, азаматтарға 5 ай бойы салым сомасының 20-30%-ын ай сайын табыс ретінде беруге және негізгі қаражаттың сақталуына кепілдік берген. Алайда, төлемдер нақты сатудан түскен пайдадан емес, жаңа қатысушылардың салымдары есебінен жүзеге асырылған. Нәтижесінде қаржы пирамидасына қатысушылар саны мыңнан асты. Залал көлемі 500 млн теңгеден асты, — делінген ҚМА хабарламасында.

Қаржы пирамидасы
Фото: Видеодан алынған скрин

Күдіктілер қылмыстық жолмен алынған табысқа жалпы құны 280 млн теңге болатын элиталық үй мен автокөлік сатып алған. Бұл мүлікке сот шешімімен тыйым салынды.

Қаржы пирамидасы
Фото: Видеодан алынған скрин

— Тінту кезінде 15 млн теңге қолма-қол ақша және құны 28 млн теңгеден асатын 67 түрлі алтын бұйым тәркіленді. Маңыздысы, салымшылардың көпшілігі өз үйлері мен көліктерін кепілге қойып, несие рәсімдей отырып, пирамидаға ақша салған. Зардап шеккендердің бірі — зейнеткер әйел, ол пәтерін кепілге қойып, ұйымдастырушыларға 67 млн теңге берген. Сонымен қатар, күдіктілер салымшыларды «дроппер» ретінде пайдаланған. Басқа қатысушылардан түскен қаражатты өзге салымшылардың банк шоттары арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған, — делінген хабарламада.

Күдіктілер екі айға қамауға алынды.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, басқа ақпарат жария етілмейді.

Айта кетелік Алматыда «Matic Basket» қаржы пирамидасы 2 мың адамның 80 млн теңгесін қолды еткен

Соңғы жаңалықтар