Салмағы 25 тоннадан асатын көліктердің жолға шығуына салынатын тыйым 2027 жылға шегерілуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Салмағы 25 тоннадан асатын ауыр жүк көліктерінің жолға шығуына салынатын тыйым кезең-кезеңмен қолданысқа енетін болды. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

— Бұл о баста депутаттардың ұсынысы болатын. Біздің жолдар бір оське түсетін салмағы 8 тонна болатын көліктерді ғана көтере алады. Сіз айтып отырған Howo сияқты көліктер тек карьерде жүруге арналған. Оның салмағы 60 тоннаға дейін жетеді. Енді солар тасжолға шықса, бір жылдың ішінде жолдарды бүлдіріп аламыз. 1 трлн теңгені жолға жұмсап, оны 1 күнде құртып алуға болады. Дұрыс емес қой. Ондай көлік вагон деген сөз ғой. Тасжолға шығуына болмайды. Депутаттар осындай ұсыныс айтқанда қолдадық, — деді ол.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда бұл санатқа жататын 36 мыңнан астам көлік тіркелген. 

— Кезінде осындай көлік сатып алған адамдар көп болды. Соны ескеріп, бастапқы шешімді сәл өзгерттік. Тыйымды 1 қаңтардан бастамаймыз, кезең-кезеңмен енгіземіз. Басында үлкен қалаларға кіргізбейміз, одан кейін облыс орталықтарына тыйым қоямыз. Астананың өзінде осындай көліктер жүр. Қаланың жолы оған арналмаған, сондықтан жолдың быт-шытын шығарады. Олай болмайды. Теңгерім табу үшін осындай шешім қабылдадық. Көлік иелеріне жүк тиейтін бортты аласартуға рұқсат береміз. Бірақ ондай үлкен көліктер жолмен жүруіне болмайды. Әрине, олар өз нәпақасын айырып отыр. Бірақ ол халық жүретін жолға зиян келтірмеу керек. Жол — халықтың байлығы. Ондай көліктер тек карьерде жүру керек. Ал тасжолға шыққысы келсек, бортты кішірейту керек. Осылайша кезең-кезеңмен іске асырамыз. Толық тыйым 2027 жылдың 1 қаңтарына қалуы мүмкін, — деді Нұрлан Сауранбаев.

Сондай-ақ, ол «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен америкалық Wabtec компаниясы арасындағы 4,2 млрд долларлық келісімшарт туралы пікір білдірді. 

Соңғы жаңалықтар