«Салтанат» күйінің кейіпкері Созақта тұрады

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан өңірінде ұрпақтан ұрпаққа жеткен, ел жадында сақталған күй бар. Ол — халықтың мұңы мен сағынышын жеткізген, көзге жас үйіретін «Салтанат» күйі. Бұл күйдің артында жүрек тербетер тағдыр жатыр.

«Салтанат» күйінің кейіпкері Созақта тұрады
Фото: Салтанат Төлегенқызының архивінен

Әкенің күйі, баланың зарлы үні

Атақты күйші, шертпе күйдің шебері атанған Төлеген Момбеков бұл күйді өмірлік жары өмірден өткен соң шығарған. Артында бес қызы мен бір ұлы қалған жарының қазасы — Төлегеннің жанын жаралап, жүрегін қан жылатты. Анасыз қалған балалардың тағдыры күйші жүрегін тебірентпей қоймады.

Салтанат Төлегенқызы
Фото: Салтанат Төлегенқызының жеке архивінен

Бірде жұмыстан үйге келген Төлеген төрт жасар Салтанаттың еңіреп жылап отырғанын көреді. Қыз бала «Апама айтам!» деп зар еңірейді. Әке жүрегі елжіреп, оны құшағына алып, жұбатуға тырысады. Сол сәтте күйші көкірегінен мұңлы әуен төгілді…

Бұл — жай ғана күй емес. Бұл — әкенің шарасыздығы, баланың аңсауы, жарынан айырылған азаматтың жан сыры. Бұл — «Салтанат».

«Күй — аңызға айналды, ал мен тірі кейіпкермін…»

Бүгінде Салтанат Төлегенқызы Таукент ауылында тұрады. І.Кеңесбаев атындағы мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек етеді. Жайдары жүзді, жүрегі кең ұстаз — әйгілі күйші Төлеген Момбековтің кенже қызы. Ол — халықтың жүрегін тербеткен «Салтанат» күйінің басты кейіпкері.

Салтанат Төлегенқызы
Фото: Салтанат Төлегенқызының жеке архивінен

— Әкем үнемі «Күйдің де сөзі бар. Оны жүрекпен тыңдау керек» деп айтып отыратын. Өкінішке қарай, көп адам күйді тек әуен ретінде қабылдайды. Ал «Салтанат» — жылаған баланың үні, әкенің жүрек сөзі. Күйдің басы «Қайтейін, жаным-ау…» деп басталады. Кейін сәбидің жылаған үніне ұласып, көзден аққан жас пен мұрыннан аққан су бірге тұншығып, баланың шырқыраған даусы естіледі, — дейді Салтанат Төлегенқызы.

Кейіпкер күй арқылы елге танылғанымен, бұл шығарма ол үшін жай өнер туындысы емес — тұтас бір өмір. Балалық шағы, ананың жоқтығын сезінген күндер, әкесінің көз жасы — барлығы осы күйде мәңгілікке сақталған.

Салтанат Төлегенқызы
Фото: Салтанат Төлегенқызының жеке архивінен

Көпшілік Салтанаттың күй кейіпкері екенін білгенде таңданып, құрметін білдіріп жатады.

— «Тірі екенсіз ғой!» деп келетіндер де бар. Біреулер суретке түсіп, «Сіз аңыз адамсыз!» дейді. Кейде «Сізді баяғыда қайтыс болған деп ойлаушы едік» деп жатады. Ондайда жымиып қоямын. «Жап-жас екенсіз ғой!» деп таңғалады. Демек, бұл күй олар үшін аңызға айналған. Бұл — өнердің құдіреті. Бір ғана күй — жеке адамның тағдырынан бүкіл халықтың сағынышын оята алады. Егер мені аңыз адам деп қабылдаса, ол — мен емес, өнердің күші. «Салтанат» күйі — менің ғана емес, бар қазақ баласының ананы аңсаған сағынышы, — дейді кейіпкер.

Салтанат Төлегенқызы
Фото: Салтанат Төлегенқызының жеке архивінен

«Күй шырқалғанда көз жасымды тыя алмаймын»

Анасы қайтыс болғанда небәрі төрт жастағы Салтанат өз қиялында анасына ақ кимешек кигізіп, елесін көз алдына елестетіп жүрген. Сол елес — бала көңілдің жұбанышы, жетім жүректің жалғыз тірегі болды.

— Анамның бейнесін анық есімде сақтай алмадым. Бұл — менің өмір бойғы өкінішім, — дейді ол.

Салтанат Төлегенқызы
Фото: Салтанат Төлегенқызының жеке архивінен

Мектепке бара жатып, алыстағы Қаратаудың биік шоқысына қарап, түрлі қиялға ерік беретін.

— «Шіркін, анамның бейнесі сол таудың басынан бір елестесе ғой… Түрін бір көрсем ғой» деп күнде армандайтын. Басқа балалардың аналары маңдайынан сипап, құшағына алып жатқандарын көргенде, көз жасымды білдірмей сығып алатынмын. Қазір де күй шырқалғанда, әлі күнге дейін көз жасымды тыя алмаймын. «Анамды бір көруге тағдыр мұрша бермеді-ау» деген өкініш жүректі тіліп өтеді. Бұл — анасымен шын тілдесе алмаған баланың жан мұңы шығар, — дейді кейіпкеріміз.

Салтанат Төлегенқызы
Фото: Салтанат Төлегенқызының архивінен

Салтанат Төлегенқызы — күй кейіпкері, ұстаз, тұлға

Салтанат Момбекова — «Салтанат» күйіне арқау болған тағдыр иесі. Ол 1966 жылы 9 ақпанда Түркістан облысы, Созақ ауданы, Сызған ауылында дүниеге келген. Анасы қайтыс болғанда төрт жаста болған.

1983 жылы мектепті бітіріп, Ташкент мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі. Еңбек жолын туған ауылындағы мектептен бастап, содан бері 39 жыл бойы үздіксіз білім беру саласында қызмет етіп келеді.

Бүгінде І.Кеңесбаев атындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Ол — педагог-шебер, бірінші санаттағы басшы. Әрдайым мектептермен вебинарлар, семинарлар өткізіп, әріптестеріне әдістемелік қолдау көрсетіп отырады. Еңбегі еленіп, облыстық, республикалық марапаттарға ие болған. Соның ішінде «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған.

Салтанат Төлегенқызының өмір жолы — әкесінің күйіндегі баланың өмірмен өрілген жалғасы. Ол — балалық шағы күйге айналған қыз, бүгінде ел құрметтеген ұстаз, ұрпақ тәрбиелеуші тұлға.

Соңғы жаңалықтар