Салық төлеуде ең белсенді өңірлер аталды

«Ақмола, Алматы, Атырау, Жамбыл және Қостанай облыстары - салық төлеуде ең белсенді өңірлер. Одан әрі Қарағанды, ШҚО және Павлодар облысы орналасқан. Бұндай мониторингті жылына екі рет жүргіземіз, ондағы мақсат - салық төлеуде белсенділігі төмен аймақтарды анықтап, олармен жұмыс істеу», - деді ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев.
Сонымен қатар, кірістер комитетінің өкілі қазіргі уақытта салық жүйесінде камералдық бақылаудың жүзеге асырылып жатқаны туралы айтып берді.
"Бүгінде салықтық әкімшілендіру екпіні салықтық тексерулерден камералдық бақылауға ауысты. Бұл салық декларацияларын өзара салыстыру арқылы жүзеге асырылатын салықтық бақылаудың бір түрі. Камералық бақылаудың негізгі мақсаты - салық төлеушіге айыппұл салмай, заң бұзушылықтарды өз бетінше жоюға мүмкіндік беру. Өткен жылы камералдық бақылау нәтижесінде салық төлеушілер қосымша декларациялар тапсырып, жинақталған және өндірілген салық сомасы 127,3 млрд теңгені құрады. Алайда салық төлеушілердің хабарламаларын орындамау жағдайлары да бар», - деді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай Жайдар Іңкәрбаев еліміздегі салық төлемдерінің қай салаға тиесілі екенін атап өткен болатын.