Салық төлеуде ортақ жүйенің жоқтығы кәсіпкерлердің ісін қиындатуда
Шараға еліміздің әр өңірінен судьялар шақырылып, сот тәжірбиесімен бөлісті. Өйткені, еліміз ТМД елдері арасында бірінші болып салық заңнамаларына өзгерістер енгізіп, оны оңтайландырған.
«Жаңа заңнама бойынша салықтық құқық бұзушылық үшін жауапкершілік: үрдістер, мәселер және шешу жолдары» тақырыбы талқыға түскен форумда жаңа заң талаптарына сай салықтық дау-дамайлары сотта қарау, салықтық құқықбұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілік, Кедендік одаққа мүше елдердің салық заңнамаларын үйлестіру сынды бірқатар мәселелер талқыланды.
Мәселен, ҚР Констуциялық кеңесінің мүшесі, профессор Виктор Малинский: «Соттар қандайда бір істерге қатысты шешім шығарғанда, оның Конституцияға қайшы келмеуін басты назарда ұстауы тиіс. Егер сот қолданып отырған заң немесе өзге де нормативтік актілер азаматтарымыздың Конституциялық құқығына қайшы келсе, сот өндірісті дереу тоқтата тұруы керек. Сонымен қатар осы жағдай жөнінде міндетті түрде Конституциялық кеңеске хабарлап, Конституцияға қайшы келген заң және өзге де нормативтік актілерді конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен шығуға міндетті. Өйткені, Конституциялық кеңеске мұндай ұсыныспен тек соттардың ғана шығуға құқығы бар. Басқа бірде-бір органға мұндай құқық берілмеген», - деп Ата заңымыздағы баптың тегеурінін жиналғандарға түсіндіріп өтті.
Қаржы секторларының мамандары заңды және жеке тұрғалардың банктер алдындағы берешегін сөз етті.
«Банктер клиенттерінің жағдайын ескеріп қайтарымсыз қарыздарды кешіруі мүмкін. Алайда, қайтпаған қарыздарға банктердің мемлекетке салық төлеуі қаншалықты заңды?» деген сауал да жиын барысында көпшіліктің үлкен пікірталасын тудырды. Ал Ресей Федерациясы үкіметі жанындағы қаржы университеті кафедрасы меңгерушісінің орынбасары Талғат Мықтыбаев аталған форумның Кедендік одаққа мүше елдердің салық саясатын қайта қарауға, ғалымдар мен практик мамандардың көмегімен көптеген мәселерді шешуде маңызы зор деп санайды. Өйткені, бүгінде аталған сала бойынша түйіні шешілмеген мәселе жетерлік. Мысалы, одаққа мүше мемлекеттердің арасында сауда жасайтын кәсіпкерлер көбейген. Осы орайда, олардың салық төлеу міндетін бір жүйеге келтіру қажеттілігі сезіліп отыр. Ортақ жүйе болмағандықтан, салық төлеушілер тарапынан заңдарымыз жиі бұзылуда.