Салықшылар сыбайластыққа жол бермейді - Қызылорда облысы

Оған салық департаменті және мемлекеттік органдар қызметкерлері, сондай-ақ "Нұр Отан" ХДП облыстық филиалы, құқық қорғау органдары, кәсіпкерлік қауымдастығы өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Басқосуға төрағалық етуші облыстық салық департаменті директорының орынбасары Әуезбек Дүйсенбаев қатысушыларға салық органдарында сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгімелеп берді.
Салық органдары қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне, салық заңдылығы нормаларын бұзушылыққа жол бермеу, салық төлеушілермен сыбайластыққа барудың алдын алу мақсатында департаментте Ведомстволық бақылау басқармасы құрылып отыр. Сондай-ақ салық инспекторларының салық төлеушілермен бетпе бет келуін азайтатын шаралар жүзеге асуда. Электронды есеп беру, терминал арқылы төлем жасау - солардың бірі.
Департамент басшысының орынбасары сонымен қатар, жаңа Салық кодексінде салық төлеушілерге қатысты бірқатар жеңілдіктер қарастырылып отырғанын жеткізді. Жаңа кодекс бойынша мемлекеттік органдардың қызметтерін ашық және қоғам алдында есептілік беру негізінде жүргізу көзделіп отыр. Осыған байланысты салықтық тексеру барысында куәгерлерді тарту, рейдтік тексеру кезінде қоғамдық бірлестіктер өкілдерін қатыстыру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл қатынас мемлекет мүдделері мен салық төлеушілер құқықтарының тең жағдайда сақталуына кепілдік береді.
Дөңгелек үстел отырысына қатысушылар күн тәртібіндегі мәселеге қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, өздері еңбек етіп жатқан құрылымдар мен салаларда осы бағытта қолға алынған жұмыстар жайлы баяндады. Сонымен бірге салық органдары қызметкерлерінің салық төлеушілермен жүргізетін кездесулеріне атсалысуға уағдаласты.