Салықтан жалтаруды бизнеске айналдырған қарағандылық сотталды

«Жалған шот-фактуралар мен салықтан жалтару фактілеріне қарсы күрес Мемлекеттік кірістер комитеті Экономикалық тергеулер қызметінің негізгі міндеттерінің бірі. 2017 жылдың 12 айында Экономикалық тергеулер қызметінің өндірісінде қызмет көрсету, жүк тасымалдау жұмыстарын іс жүзінде орындамай, шот-фактуралар беру фактілері бойынша (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 216-бабы) 568 қылмыстық іс болды. Көрсетілген залал 9 676 635 теңгені құрады, оның 6 080 842 теңгесі өтелді», - делінген хабарламада.
Өндіріс барысында 334 қылмыстық істі аяқтады, оның ішінде 288 іс сотқа жіберілсе, ақталмаған негіздемелер бойынша - 46 іс тоқтатылды.
Сонымен бірге, салық төлеуден жалтару фактілері бойынша (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 245-бабы) 785 қылмыстық іс қозғалды. Келтірілген залал мөлшері 33 466 187 теңгені құрады, оның 11 912 813 теңгесі өтелді. Өндіріс аясында 437 аяқталды, оның ішінде 348 іс сотқа жіберіліп, ақталмаған негіздемелер бойынша - 89 іс тоқтатылды.
Мәселен, Қарағанды облысындағы Мемлекеттік кірістер депаратаментінің Экономикалық тергеулер қызметі «А» есімді азаматқа қатысты қылмыстық істі сотқа жіберді.
«Сотқа дейінгі тергеу барысында «А-ның» «Т» ЖШС директоры бола тұра, контрагент кәсіпорынды салық салудан босату үшін «В» есімді азаматпен іс жүзінде жұмыстарды атқармай, қызмет көрсетпей, тауарларды тасымалдамай-ақ, шот-фактураларды ресімдеу іс-әрекеттерін жасауға бағытталған қылмыстық келісім жасасқан. Материалдық сыйақы ретінде жалған мәмілелердің жалпы сомасының 3,5%-ті көлеміне уағдаласқан», - деп түсіндірді комитет.
Атап айтқанда, азамат «А» «К» ЖШС-ін салық төлеуден босату үшін өзінің «Т» ЖШС-і атынан өткен жылғы есептік салық кезеңі үшін «К» ЖШС-іне жалпы сомасы 210 700 000 теңге болатын жалған бухгалтерлік құжаттар әзірлеген.
«Жалған шот-фактуралар үшін Азамат «А»«K» ЖШС-мен мәміле сомасының 3,5%-і мөлшерінде сыйақы алған, ал «К» ЖШС бухгалтерлік есебінде 189 031 114 теңгеге тауар жеткізу туралы жалған мәліметтер келтірген. Сот-сараптама қорытындысына сәйкес, бюджетке қосымша төленуі тиіс салық сомасы 60 489 904 теңгені құрады», - деп хабарлады комитет.
Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты азамат «А» кінәлі деп тауып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеу түрінде жаза тағайындады. Айыптылардың қылмыстық жолмен алынған мүлкін тәркілеумен бірге сот жаза өтеудің барлық мерзіміне пробациялық бақылауды бекітті.