Салынған соң 2 ғасырдан кейін ғана халық игілігін көре бастаған Шымкенттегі «Химфарм» - дәрі зауытының тарихы туралы не білеміз?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкент химия-фармацевтика зауытының тарихы тереңде. Бүкіл дүние жүзіндегі фармацевтикалық кәсіпорындардың ең байырғыларының бірі әрі бірегейі болып саналады. Зауыттың негізін 1882 жылы орыс көпестері Иванов пен Савинков қалаған. Мұндай кәсіпорынның пайда болуына қазақ жеріндегі, оның ішінде Оңтүстік Қазақстандағы даңқты дермене тікелей себепкер болған. Сонау 1885 жылы Түркістан өлкесіндегі дермене кәсіпорны өзінің ең алғашқы өнімі - 189 пұт сантонин шығарады. Ресейде бұл өнімнің 2-3 пұты ғана пайдаланылып, қалғаны түгелдей шетелге шығарылады.
None
None

1918 жылғы 15 мамырда Түркістан республикасы халық комиссарлары кеңесінің бұйрығымен зауыт национализацияланды. 1921 жылдың 22 қарашасында В.И.Ленин қол қойған «Шымкент сантонин заводын басқаруды ұйымдастыру туралы» декрет бойынша Түркістан республикасы халық шаруашылығы кеңесінен РКФСР халық шаруашылығы кеңесіне беріледі. Дермене өсімдігі мемлекеттік монополия иелігіне айналдырылады. 1925 жылы 3 маусымда Шымкент сантонин зауыты бірінші мемлекеттік химия-фармацевтика зауыты болып қайта құрылады. 1923-1929 жылдары КСРО-да тұңғыш рет никотин өндіруді, 1931 жылы анабазин сульфатын өндіруді, кейініректе диоспонин, полиспонин, цитизин сияқты жаңа препараттар жасауды игереді.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары зауыт медицина препараттарының 30-ға жуық түрлерін шығаруға қол жеткізді. Өкінішке қарай, осындай бірегей кәсіпорынның өнімдері түгелдей Ресейге, Беларусьқа, Украинаға, Балтық бойы республикаларына, сондай-ақ, Болгария, Франция, Моңғолия, Куба сияқты елдерге жіберіліп, Қазақстанның өзі, жергілікті халық оның игілігін көрмеді. Шымкент сантонині жақын және алыс шетелдерге жөнелтіліп, препараттар сол жақтарда жасалатын.

Осылайша бір ғасыр бойы жергілікті жұртшылық Шымкенттегі осы зауыттың немен айналысатынын да, қаншама қыруар байлықтың шетке кетіп жатқанын да білмеді. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Қазақстанда өзіндік фармацевтикалық өндірісті игеріп, игілікке жаратуға шынайы бетбұрыс жасала бастады. 1993 жылы «Химфарм» АҚ құрылды. Кейіннен дайын дәрілік өнімдер шығару қолға алынды. Шетелдік әріптестермен ынтымақтаса ықпалдасу заманауи жабдықтарды игеруге мүмкіндік туғызды. Басқарудың ғылыми жүйесіне көшу, кәсіби шеберлікті алдыңғы орынға шығару, жоғары технологияларды меңгеру - міне, мұның бәрі де Шымкент химия-фармацевтика зауытын қысқа мерзімде айтарлықтай алға бастырды. Осылайша бастауыш субстанциялар өндірумен шектелетін кәсіпорын SANTO сауда маркалы халықаралық стандартқа сай келетін дайын дәрілік дүниелер шығаратын заманауи зауытқа айналды.

Бүгінде біздің зауыт ыстық түсіретін дәрі-дәрмектер, антацидтер, асқазан жарасын емдеуге қажетті, өт айдайтын препараттар, диареяға, вирустарға, жөтелге, суықтауға қарсы препараттар, жүйкені тыныштандыратын, теріні және жарақаттарды дезинфекциялайтын дүниелер шығарады. Сондай-ақ, фармацевтикалық тұнбалар, парафармацевтикалық, тамақтануға қосымша қоспалар, урология, дерматология, гинекология және акушерлік, эндокринология, иммунология салаларына қажетті, тағы басқа да толып жатқан дәрі-дәрмектер әзірлейді.

Зауыттың басты инвесторы - «Полфарма» халықаралық фармацевтикалық тобы. Поляк инвесторлары қазіргі «Химфарм» АҚ үшін өзара әріптестік табыстардың, жеңістер мен жемістердің қайнар көзі болып табылады. Зауыттың көптеген қызметкерлері Польшада арнайы даярлықтан өтеді. Жаңаша құрылыстар салынып, жаңаша жабдықтар көптеп алынуда.

2013 жылдан бері кәсіпорын толық қуатында жұмыс іс­тей бастады. Инъекциялық ерітінділер, онкологиялық және биотехнологиялық препараттар шығарылады. Жаңа цехтың пайдалануға берілуі қосымша 400 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп отыр.

Үстіміздегі жылғы қазан айында Шымкентте халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Осы басқосудың барысында «Химфарм» АҚ пен Santo Member of Polpharma Group және Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясы арасында арнайы меморандумға қол қойылды. Бұл да біздің зауыттың өркендеп, өсуі және өнімдерін молайта түсуі үшін үлкен серпіліс тудырады.

Santo Member of Polpharma Group компаниясы - «Химфарм» АҚ сауда маркасы. Бұл компания Қазақстан мен Орталық Азия үшін жоғары сапалы, қолжетімді дәрі-дәрмектер өндіріп, рынокқа шығарады. Компанияның өндірістік қуаты өте жоғары. Жылына 1 миллиард таблетка, капсул және түйіршіктер, 350 миллион ампула, 24 миллион құты антибиотиктер, 4 миллион пакет инфузиялар өндіреді. Осының нәтижесінде қазір Шымкентте және Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінде 1300 адам жұмыспен қамтылған.

Инвестиция игілігі осылайша халық мүддесіне жұмсалуда.

(Мақала «Егемен Қазақстан» газетінен алынды)

Арслан ШАХИН, «Химфарм» АҚ бас директоры.

Соңғы жаңалықтар