Samsung компаниясы алғашқы гуманоид роботын таныстыруға дайындалып жатыр



АСТАНА. KAZINFORM – Оңтүстік Кореяның Samsung Electronics компаниясы 2027 жылғы 6–9 қаңтарда Лас-Вегаста өтетін CES халықаралық тұтынушылық электроника көрмесінде алғашқы гуманоид роботын таныстыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Yonhap.

Samsung, chips, profit
Collage credit: Arman Aisultan/ Canva

Салалық дереккөздердің мәліметінше, компания өткен аптада роботтың прототипін директорлар кеңесінің мүшелеріне көрсеткен.

Таныстырылым Samsung компаниясының Сеулдің оңтүстігінде орналасқан робототехника зерттеу орталығында өткен. Көрсетілім кезінде робот денесінің қозғалысын басқару жүйесіне, сондай-ақ қолымен заттарды ұстап, орнын ауыстыру қабілетіне баса назар аударылған.

Алдағы таныстырылым Samsung компаниясының биыл шілдеде құрылған робототехника саласындағы жаңа бөлімшесінің дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі болмақ.

Болжам бойынша, роботтың қолын әзірлеу кезінде компания Galaxy жиналмалы смартфондарын өндіруде қолданылатын жоғары дәлдіктегі өңдеу және құрастыру технологияларын пайдаланған. Бұл роботқа заттармен адам қолының қимылына барынша жақын дәлдікпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Әзірлеу жұмыстарының негізгі бағыттарының бірі – робот қолының қимыл дәлдігін жетілдіру. Өндірістік міндеттерді орындау үшін гуманоид роботтар заттарды сенімді ұстап, бұрып және орнын ауыстыра алуы керек.

Адамға ұқсас роботтар нарығындағы жаһандық бәсеке күшейген тұста Samsung осы технологияларды дамытуға басымдық беріп отыр. Компания мұны роботтарды коммерцияландырудың негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырады.

Еске салайық, бұған дейін Еуропада Samsung компаниясының жаңа смартфоны ретінде миллион жалған құрылғы сатылғаны хабарланған болатын.