«Самұрық-Қазына» 177 млрд теңгенің тауары мен қызметін шетелдік жеткізушілерден «бір көзден» сатып алған
АСТАНА. KAZINFORM – «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы сатып алатын тауарлар мен қызметтердің 17,5 пайызы – импорт. Осы импорттық тауар мен қызметтердің 39 пайызын «бір көзден сатып алу» қағидатымен алған.

Қордың сатып салу саясатына арналған баспасөз мәслихатында Сатып алулар әдіснамасы, бақылау және мониторинг департаментінің директоры Азамат Сембай осындай дерек айтты.
- 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қор тобының тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуларындағы ел ішіндегі құн үлесі 82,5% болды. Бірақ бұл қалған 18% тауарлар мен қызметтер міндетті түрде импорт деген сөз емес. Яғни, 18% көрсеткіш – бұл СТ-KZ сертификаты жоқ жұмыстар мен қызметтердің үлесі, - дейді қор өкілі.
Сондай-ақ, ол қор сатып алған СТ-KZ сертификаты жоқ тауарлар мен қызметтердің 39%-ын бір көзден сатып алғанын атап өтті.
- Ел ішіндегі құн үлесі нөлге тең тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің 39%-ы, яғни 177 млрд теңгеге жуық сома бір көзден сатып алу тәсілімен алынған. Бұған жататын негізгі позициялар: күкірт қышқылы, тепловоз, мұнай өңдеу катализаторы және табиғи газ, - деді Азамат Сембай.
Сондай-ақ, ол «Самұрық-Қазына» ЕАЭО елдерінен 76,2 млрд теңгенің тауары мен қызметін сатып алғанын мәлім етті.