«Самұрық-Қазына» бюджетке аз қаражат аударды деп сын айтқан депутатқа жауап берді
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Экономика және қаржы жөніндегі тең басқарушы директоры Мират Өтепов Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетовтің сынына жауап берді, деп хабарлайды Kazinform.
«Квазимемлекеттік ұйымдар таза кірісінің 70 пайызы көлемінде ақша бөлу керек деген қаулы бар. Бірақ оның қорға қатысы жоқ. Қордың тікелей акционері – ҚР Үкіметі. Сондықтан түскен таза табыс дивиденд саясаты арқылы акционерге жолданады. Ол таза пайдадан емес, қордың бас кеңсесіне портфелдік компаниялардан келіп түскен дивидендтердің жартысынан төленеді. Сандар келтірсем: мәселен, біз өткен жылы 500 млрд теңге дивиденд жинасақ, соның 250 млрд теңгесін Үкіметке төлеуіміз қажет. Ал былтыр біз (Самұрық-Қазына қоры - авт.) 250 млрд емес, 302 млрд теңге дивиденд төледік. Яғни 50 пайыздың орнына 62 пайыз төледік. Осылайша, қор бекітілген дивиденд саясатын артығымен орындады», - деді баспасөз мәслихатында Kazinform тілшісінің сауалына жауап берген Мират Өтепов.
Еске салайық, таяуда Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының мемлекетке аударатын қаражаты тым аз екенін мәлімдеп, депутаттық сауал жолдаған еді.
«2022 жылы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мемлекетке берілетін пайданың 70 пайызының орнына тек 10 пайызын ғана төлеген. Нақтырақ тоқталсақ, 1 триллион 629 млрд теңге таза табыстың 170 млрд теңгесін қайтарып отыр. Ал тапсырма бойынша, бюджетке 1 триллион 140 млрд теңге қайтару қажет еді. Яғни, 970 млрд теңге мемлекет қазынасына аударылмаған», - деді Мархабат Жайымбетов өз сауалында.